Астанада Мұғалімдер күні мерекелік концертпен атап өтіледі

Астанада Мұғалімдер күні мерекелік концертпен атап өтіледі

Қазанның бірінші жексенбісінде Қазақстанда Мұғалімдер күні атап өтіледі. Биыл мереке 2 қазанға сәйкес келеді. Елордалық Білім басқармасы Астанада педагогтарды қалай құрметтейтінін айтып берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Ұстаздар күніне орай 4 қазан күні Астанада қала педагогтарына арналған мерекелік концерт өтеді. Бұл туралы әкімдікте өткен брифингте елорданың Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев мәлімдеді.

Іс-шараның мақсаты: мұғалім мамандығын дәріптеу, қоғамдағы педагог мәртебесін арттыру, педагогтардың еңбегін бағалау және құрметтеу.

"Мерекелік концертке білім беру ұйымдарының қызметкерлері, мұғалімдер, педагог-ардагерлер, қоғам қайраткерлері, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, ата-аналар бірлестіктері, БАҚ қатысады деп жоспарлануда. Оқушылары халықаралық, республикалық, қалалық деңгейдегі пәндік олимпиадалардың жеңімпазы атанған және шығармашылық, спорттық жарыстарда үздік деп танылған мұғалімдер марапатталады деп күтілуде. Аталған педагогтар "Ы. Алтынсарин" және "ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісімен марапатталады, - деді С.Әділбаев.

Мерекелік концерт барысында "Үздік педагог" байқауының жеңімпаздарына - Алле Король (Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі), Алма Нұрекенова (№2 мг), Лаура Шоразова (№26 ОМ) және Гүлшара Дүйсенова (№82 Лицей) – қаланың білім басқармасының дипломдары мен ақшалай сертификаттар табыс етіледі.

Кеш бағдарламасы "Бәрі бала кезден басталады", "Ұлт мұғалімі"," Мұғалім болу-мәртебе", "Сенің дағдыларың - сенің болашағың" бөлімдеріне бөлініп, мұғалімнің Манифестімен аяқталады. Концертте мұғалімдердің өмірінен түсірілген бейнеролик көрсетіледі, эстрада жұлдыздары да өнер көрсетеді.