Алтай Көлгінов Көктал-1 елді мекеніндегі «Нұр Бесік» шағын ауданының тұрғындарымен кездесті

Алтай Көлгінов Көктал-1 елді мекеніндегі «Нұр Бесік» шағын ауданының тұрғындарымен кездесті

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында «Нұр Бесік» шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауданды дамыту мәселесін талқылағанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қала тұрғындарымен тұрақты түрде кездесіп тұрамыз. «Нұр Бесік» (Көктал-1 елді мекені) шағын ауданының тұрғындарымен бірлесе ауданның одан әрі дамуын талқыладық.

Қала тұрғындары әлеуметтік нысандар (мектептер, балабақшалар, медициналық орталықтар) құрылысы, кәріз, үй құжаттарын рәсімдеу, қосымша автобустарды іске қосу, жылы аялдамалар орнату, аулаларды, тротуарларды абаттандыру, интернет өткізу секілді өзге де мәселелерді көтерді.

Осыған дейін «Нұр Бесік» шағын ауданының тұрғындары маңызды проблемаларды қозғаған, қазір басым бөлігі шешілді. Мәселен шағын ауданда бірінші кезекте ауыз су, кәріз, жарықтандыру, газдандыру, жол және т.б. мәселелер шешілуі тиіс болатын.

Шағын ауданда сумен жабдықтау желілері (ауыз су жүргізу мәселесін шешті), электрмен жабдықтау, тұрмыстық және нөсер кәрізі, газ тарату желілері салынды. Мұндағы үйлердің жартысынан көбі көгілдір отынға көшірілді, көшелерді жарықтандыру жүргізілді, 14 көшенің 13-і асфальтталды, аулалар абаттандырылды, аялдамалар орнатылды және т.б.

Қала тұрғындарының проблемаларын ескере отырып, аталмыш шағын ауданда мектеп салу, қоғамдық орындарды абаттандыру мәселелері жоспарға енгізілді, ал балабақша бойынша инвесторлар тартамыз. Сол сияқты медициналық орталықтар саламыз (қала тұрғындары тығыз орналасқан Сарыарқа ауданында), интернет өткіземіз және т.б. Бұл жолғы кездесуде де қозғалған проблемаларды шешу мәселесін қолға алдық, оны орындау кестесін жасаймыз.

Елді мекендерді дамыту мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында», - деп жазды елорда әкімі.

 

Фото: Александр Куприенко