Елордада қандай спорт іс-шаралары жүзеге асып жатыр?

Елордада қандай спорт іс-шаралары жүзеге асып жатыр?

Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев онлайн брифингте спорт бағытында қандай жобалар жүзеге асып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін, сондай-ақ балалар – жасөспірімдер мен бұқаралық спортты дамытудың басымдығын ескере отырып, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды арттыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында арнайы бағдарламалар мен түрлі жобалар әзірленген», - дейді басқарма басшысы.

Сөзін жалғай отырып, спорт бағытында қолға алынған іс-шараларға нақтырақ тоқталып өтті.

«Қолжетімді спорт» жобасы. Бұл жоба 2021 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасып, 20 мыңға жуық елорда тұрғынын қамтыды. 2022 жылдың сәуір айынан бастап аталған жоба өз есігін қайта ашты. Жоба елорда тұрғындарын спорттың 5 түріне үйретеді. Жобаға білікті нұсқаушылар мен жаттықтырушылар жұмылдырылды. Олар қала саябақтары мен тыным бақтарында сабақ өткізетін болады. Жоба 2022 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Қала тұрғындары үшін келесі спорт түрлері қолжетімді: Скандинавиялық жүріс, жүгіру, каратэ, үстел теннисі, фитнес және йога.

AulaFit жобасы. 2020 жылғы 25 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында #AulaFit бағдарламасының пилоттық жобасы құрылды және іске қосылды. Тұрғын үй кешендерінің тұрғындары спортпен қадамдық қолжетімділікте - өз аулаларында, тәжірибелі жаттықтырушылардың басшылығымен, тегін негізде айналыса алады. Аға буын, жастар мен балалар күн сайын спортпен шұғылданады, бос уақыттарын, демалыстарын қызықты және пайдалы өткізеді, психологиялық қолдау алады.

«Asar Joly» акциясы. Осы бағдарламалар аясында елордада спорттың ойын түрлері (футбол, стритбол) бойынша аула лигалары өткізілді. Сонымен қатар, халықтың спортпен шұғылдануына да барлық жағдай жасалынған. Нақтырақ айтсақ, қалада 18 спорт кешені, 1500 және одан да көп орындық трибунасы бар стадион, 27 – бассейн, құрама командаларды дайындау орталықтары және сол сияқты 44 теннис корты бар. Бүкіләлемдік пандемияға байланысты спорттық іс-шаралардың тоқтатылғанын ескере отырып, елорда тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында әр ай сайын жүгіру және веложүгіруден онлайн жарыстар ұйымдастырған болатынбыз. Қала тұрғындары өздеріне қолайлы уақытта, кез-келген саябақта жүгіріп, қортындысымен «Страва» қосымшасы арқылы бөлісе алады.

Дәстүрлі спорттық іс-шаралар. Астаналықтар асыға күтетін, қалыптасқан дәстүрлі спорттық шаралар бізде баршылық. Мысалға: дзюдан Азия чемпионаты, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі, садақ атудан халықаралық турнир, бүркітшілердің халықаралық турнирі, футболдан «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогы» республикалық турнир, елорда күніне орай өтетін бәйге түрлерінен жарыс, бұқаралық велошеру және қысқы маусымдық жарыстар, гимнастикадан республикалық чемпионат, жасөспірімдер арасында еркін күрестен Ж.Үшкемпіров атындағы халықаралық турнирі, «Бұрқасын» қысқы фестивалі, триатлоннан Азия чемпионаты, «Қысқы триатлон» жарысы, жеңіл атлетикадан халықаралық турнирі, т.б. Елордада мереке, демалыс күндері түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.