Нұр-Сұлтанда ArtSport бағдарламасына тағы 3 млрд теңге бөлінді

Нұр-Сұлтанда ArtSport бағдарламасына тағы 3 млрд теңге бөлінді

Елорда мәслихаты 2022-2024 жылдарға арналған Нұр-Сұлтан қаласының бюджетіне өзгеріс енгізу мәселесі кезектен тыс сессияда талқыланды. Онда ArtSport бағдарламасын қаржыландыру мәселесі қолдау тапты, деп хабарлайды қаланың ресми сайты.

Мәселен, мәслихаттың 2022 жылғы 17 тамыздағы шешімімен 3 млрд теңге сомасына қосымша қаражат бөлінді. Бұл қаражат қыркүйек айына қоса мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында іске қосылған ваучерлердің қажеттіліктерін қамтиды.

Бұған дейін 2022 жылдың басынан бастап іске қосылған ваучерлерді қамтамасыз ету үшін 6,4 млрд теңге бөлінген болатын.

Бүгінгі күні қалада платформа арқылы балаларға берілген ваучерлердің жалпы саны – 85 561, оның ішінде 61 639 ваучер іске қосылды.

Қазір елордада мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында 25 спорт түрі бойынша 581 спорт секциясы, сондай-ақ 45 бағыт бойынша 1034 шығармашылық үйірме жұмыс істейді.

Бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қазақстандық балалар ArtSport бағдарламасы бойынша спортпен және шығармашылықпен тегін айналысатынын мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар, дәріс өткізу жағдайын жақсарту және бағдарламаның өзін жетілдіру үшін оған өзгерістер енгізіледі. Қазіргі уақытта бағдарлама платформасын ұлттық білім беру деректер базасымен (ҰБДБ) интеграциялау жүргізілуде.

«Аты-жқні тіркелгенмен өзі қатыспайтын жағдай болмауы үшін жасалады. Қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптар күшейтіледі: балалар спортпен немесе шығармашылықпен айналысатын үй-жайлар нормаларға сәйкес келуі тиіс. Бұл санитарлық жағдай, өртке қарсы қауіпсіздік, бейнебақылау, спорттық және басқа да керек-жарақтармен жабдықтау. Спорт түріне байланысты жаттығуды бастау үшін балалардың ең төменгі жасы бекітіледі», – деді Дәурен Абаев.