Нұр-Сұлтанда мектеп салу үшін 70-тен аса жер учаскесі белгіленді

Нұр-Сұлтанда мектеп салу үшін 70-тен аса жер учаскесі белгіленді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мектеп салынатын орындар анықталғанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Елордада мектеп салу үшін 72 жер телімі белгіленді. Бұл жер учаскелерінің аумағы 120 мың оқушы орнына (екі ауысымда 240 мың оқушы орны) арналған оқу орындарын салуға мүмкіндік береді.

Аталмыш жер учаскелері әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті ескере отырып анықталды. Ол қаланың барлық ауданында орналасқан.

Әлеуметтік нысандарды салуға арналған жер учаскелерінің саны жыл сайын артатын болады.

Әрбір ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына арнайы бағыт бекітілді.

Мәселен, елордада биыл 11 мектеп салынып, пайдалануға беріледі: Есіл ауданында – 6 мектеп, Алматы ауданында – 4 мектеп, Сарыарқа ауданында – тағы 1 мектеп, Байқоңыр ауданында – 1 мектеп (ол 2023 жылы тапсырылады). Аталған білім ордалары арқылы 23 мыңнан астам оқушыға арналған орын ашылады.

Алдағы 2023 жылы тағы 13 мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осылайша тағы 22 мыңға жуық оқушы орны ашылады: Есіл ауданында – тағы 8 мектеп (ауданда тұрғындар тығыз орналасқанын ескере отырып), Алматы ауданында – 4 мектеп, Байқоңыр ауданында – 1 мектеп. Сол сияқты мектеп санын арттыру, оның ішінде жеке қаражат есебінен де көбейту мәселесін қарастырамыз.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада 3 жыл ішінде 34 мектеп салынды. Бұл 70 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік берді», – деп жазды Алтай Көлгінов.