Елордалық дәрігерлер балалардағы коронавирустың ауыр түрін қалай болдырмауға болатынын айтты

Елордалық дәрігерлер балалардағы коронавирустың ауыр түрін қалай болдырмауға болатынын айтты

Балалар КВИ-дің ауыр түрімен ауыруы мүмкін бе? Коронавирустық вакцинация балалар үшін қаншалықты маңызды? Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №6 қалалық емханасының І санатты педиатр дәрігері Жанар Кәрім балалардағы коронавирустық инфекцияның қауіптілігі және алдын алу шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дәрігердің айтуынша, бала коронавирустың ауыр түрімен ауыруы мүмкін. Негізінен тәуекел тобына бір жасқа дейінгі балалар және есепте тұрған балалар, яғни қант диабеті, бронх демікпесі сияқты созылмалы аурулары бар балалар жатады.

"Міндетті түрде балаларға жеке гигиена ережелерін үйрету керек. Сондай-ақ, қазір адамдар көп жиналатын орындарға, сауда ойын-сауық орталықтарына, балалар алаңдарына баруды шектеу қажет. Маска режимін сақтауды ұмытпаңыз. Балаларды қолдарын дұрыс жууға үйрету керек", - деп кеңес береді Жанар Кәрім.

Коронавирустың ауыр ағымын болдырмау үшін дәрігерлер 12 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды вакцинациялауды ұсынады.

"Вакцинация елде баланың тіркелген жеріндегі медициналық мекемелерде Pfizer вакцинасымен (АҚШ өндірісі) жүзеге асырылады. Сондай - ақ, 1 қыркүйектен бастап вакцинация мектептерде, медициналық пункттерде медицина қызметкерінің бақылауымен жүргізіледі", - деді педиатр.