Елордада ерекше балалардың ата-аналарына алғашқы көмек көрсету тәртібі үйретілді

Елордада ерекше балалардың ата-аналарына алғашқы көмек көрсету тәртібі үйретілді

Әрбір адам алғашқы көмек көрсете білуі керек. Осындай ұранмен бүгін астанада алғашқы көмек көрсету бойынша арнайы шеберлік сабағы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Алғашқы көмек көрсетуді көпшілік арасында насихаттау үшін Нұр-Сұлтан қаласының қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының оқу-симуляциялық орталығының оқытушылары «Бақытты Шаңырақ» ҚҚ-мен бірлесіп BLS (базалық реанимация) халықаралық стандарты негізінде алғашқы көмек көрсету дағдыларына оқыту түрінде қайырымдылық акциясын өткізді.

Оқыту курсын Еуропалық реанимация кеңесі мен Америкалық жүрек қауымдастығы аккредиттеген тәжірибелі анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер жүргізді. «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған 16 қала тұрғыны қатысты.

Айта кетейік, 2020 жылдың мамыр айында құрылған қор Нұр-Сұлтанда 540 мүгедектігі бар отбасыны біріктірді.

Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының оқу-симуляциялық орталығының басшысы Қасым Шынтастың айтуынша, мұндай шеберлік сабақтары дәрігерлер келгенге дейін зардап шеккендерге дер кезінде алғашқы көмек көрсете алуы үшін өткізу қажет. Бұл денсаулық сақтау мекемелерінен алыс болған жағдайда пайдалы болады.

Шеберлік сағатының соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.