Нұр-Сұлтанда астана күні қалай атап өтіледі

Нұр-Сұлтанда астана күні қалай атап өтіледі

Биыл еліміздің бас қаласы өзінің 24 жылдығын атап өтіп жатыр. Елордамыздың туған күніне орай мәдениет, спорт мекемелері, қаланың шығармашылық ұжымдары көңілді, мерекелік бағдарлама дайындап отыр. Қала тұрғындары мен қонақтарды концерттер, көрмелер, фестивальдар, премьералар және т.б. тамашалай алады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Елорданың 24 жылдығына орай қалада бірқатар әлеуметтік нысандардың, гүлзарлардың, қоғамдық кеңістіктердің, 80-нен аса ауланың салтанатты ашылуы өтеді.

Бұдан бөлек, осы күнге орай елорданың бірқатар ведомстволық бағынысты ұйымдары концерттер, спорттық турнирлер, көрмелер және т.б. ұйымдастырады.

28 маусым күні сағат 19:00-де мемлекеттік академиялық филармония сахнасында Ермұрат Үсеновтің 70 жылдығына арналған «Қорқыт» этно-ансамблі «Өмір дастан» концертін қояды.

Осы күні елордада ерлер мен әйелдер арасында бокстан «Елорда кубогы» халықаралық турнирі басталады. Ол Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 5 шілдеге дейін өтеді.

30 маусымда «Жастар» театрында суретші Гүлназым Өмірзақтың көрмесін, сондай-ақ дизайнер Алтынбек Ермұханның сән көрсетілімін тамашалауға болады.

1-6 шілде аралығында «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде «Елорда пейзаждары» атты арт-көрме ұйымдастырылады. Біріккен музейлер дирекциясы мерекеге орай бірден бірнеше экспозиция ұйымдастырады: 1-8 шілде аралығында – «Ел тірегі – Елорда» көрмесі, 1-5 шілде аралығында – «Киелі менің астанам» фотокөрмесі. 5 шілде күні мұнда «Әлем картасындағы жаңа елорда» атты  ашық есік күні өтеді.

1 шілде күні сағат 19:00-де Есіл өзені жағалауындағы амфитеатрда Батырхан Шүкеновтің шығармашылығына арналған «Твои шаги» атты концерт өтеді. 3 шілде күні сағат 20:30-да Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі» монументінің жанында Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Сол күні сағат 18:00-де елордалық филармония мерекелік концертке шақырады. Сол сияқты «Барыс Арена» мұз сарайында қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтеді.

4 шілде күні сағат 21:00-де Амфитеатр сахнасында «Астанамның таң самалы» мерекелік концертімен отандық эстрада әртістері мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.

4-6 шілде аралығында Орталық саябақта «Mereke Street» қалалық мәдениет фестивалі өтеді.

5 шілде күні сағат 19:00-де филармонияның концерт залында «Әзіл әлемі» әзіл кеші ұйымдастырылады. 5 шілде күні сағат 19:00-де «Астана Опера» опера және балет театры күміс ғасырдың «Шопениана» және «Шехрезада» балеттерін ұсынады.

5 және 6 шілде күндері «Колизей» спорт кеңістігінде «Отан Ана» монументінің жанында стритболдан «Nur Sultan Cup» турнирі ұйымдастырылады. 5-9 шілде аралығында «Астана Балет» театры «Орфей және Эвридика» балетінің премьерасына шақырады.
Астана күні, яғни 6 шілдеде сағат 11:00-де Триатлон паркте «Elorda Tolqyny» спорттық жарысы басталады. Осы уақытта «Қазанат» ипподромында шабандоздар арасында бәйгеден «Астана кубогы» жарысы өтеді. Сол күні кешке, сағат 21:00-де Амфитеатр сахнасында Ұлықпан Жолдасов «Ақ қанат – ақ құсым» бағдарламасымен өнер көрсетеді. Сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін «Астана-Арена» стадионының тұрағында «Халықпен бірге» дәстүрлі Open air өтеді. Сол күні кешке «Қазақстан» ОКЗ «Дос-Мұқасан» ансамблінің шығармашылығына арналған «Далам менің» концерті ұйымдастырылады.

8 шілде күні  Амфитеатрда «Мен сені сүйемін, астанам» атты концерттік қойылым өтеді.