Елорда әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады

Елорда әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

 

"Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!

 

Сіздер қай заманда болсын қаһарман деген атқа лайық болып келесіздер. Ақхалатты мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында мыңдаған адамның өмірі құтқарылды.

 

Адамның өмірі дүние есігін ашқан сәттен бастап сіздермен тікелей байланысты: нәресте жарық дүниеге келген уақыттан бастап денсаулығын назарда ұстайсыздар. Бірнеше сағатқа созылатын ауысымды жұмыс, науқастардың өмірі үшін күрес секілді ауыр міндет мойындарыңызға жүктеледі, сол сияқты қиналған уақытта да науқастардың жанынан табылып, тиісті көмек көрсетіп, қамқорлық танытасыздар.

 

Пандемия шағында екі жылдан аса уақыт алдыңғы шепте күрестіңіздер. «Абзал» жандардың баға жетпес еңбегі мен мемлекеттің жылдам арада қабылдаған шешімінің арқасында локдаундар мен шектеулер алынып, қалыпты жағдайға оралдық.

 

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің құрметіне саябақта «Алтын жүрек» мемориалын ашты, ол адамзат өміріне қауіп төндіретін инфекция жағдайындағы қазақстандықтардың бірлігін білдіреді.

 

Біз өз тарапымыздан денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытып, медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Ақхалатты абзал жандарды мерекемен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақыт және амандық тілеймін!", – деп жазды елорда әкімі.

Фото: Александр Куприенко