Ұлттар Лигасы: Қазақстан-Әзербайжан матчы 3 маусым күні Нұр-Сұлтанда өтеді

Ұлттар Лигасы: Қазақстан-Әзербайжан матчы 3 маусым күні Нұр-Сұлтанда өтеді

Ертең, 3 маусымда Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар Лигасы аясында «Астана Арена» стадионында Әзербайжан командасымен кездеседі. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап хабарлайды.

Маусым айында Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа бас бапкер Магомед Адиевтің басшылығымен УЕФА Ұлттар Лигасының 2022/23 жылғы жаңа маусымын бастайды. Жеребе қорытындысы бойынша қазақстандықтар Словакия, Әзербайжан және Беларусь командаларымен 3 «С» дивизионында күш сынысады.

2022 жылғы футбол күнтізбесінің ерекшелігіне байланысты біздің құрама маусым айында төрт матч өткізеді – екеуі Қазақстанда, ал екеуі – сырт алаңда.

3 маусымда Қазақстан құрамасы Әзербайжанмен ойнайды. Ойын елорда уақытымен 20:00-де «Астана Арена» стадионында өтеді. Тікелей көрсетілімді «QAZSPORT» телеарнасынан, qazsporttv сайтынан және Qazaqstan.tv мобильді қосымшасынан көруге болады.

Матч аяқталғаннан кейін жүретін қосымша бағыттар күшейтіледі. Сондай-ақ, «Астана Арена» тұрағында және Қабанбай батыр даңғылындағы автобус аялдамаларында жанкүйерлерді тарату үшін автобустар ұйымдастырылады (төлем 90 тг тарифі бойынша қолма-қол ақшасыз жасалады).