Нұр-Сұлтан қаласында бұқаралық велошеру өтті

Нұр-Сұлтан қаласында бұқаралық велошеру өтті

Елордада веломаусымның ашылуына және балалар жылына орай жаппай бұқаралық велошеру өтті. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен өткен велошеру қатысушылары екі қашықтықты бағындырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Алдымен велошеруге қатысушылар 20 шақырымдық үлкен қашықтықтықтан бастады. Үлкен қашықтықтың басы елорда маңындағы Қосшы елді мекеніндегі айналма веложолдан басталып, Үркер (Ильинка) елді мекенінің «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетті.

Ал 3 шақырымды бағындыруға келген қала тұрғындары үлкен қашықтықты жүріп өткен қатысушыларды мәреден күтіп алды.

Әрмен қарай кіші қашықтықтың қатысушылары Үркер (Ильинка) елді мекенінің «Жасыл белдеу» саябағында бастап, сол жерден мәрені аяқтады.

Бұқаралық велошеру қатысушыларын веломаусымның ашылуымен құттықтаған қалалық Дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары Алмас Емелтайұлы былай деп лебізін жеткізді:

«Қайырлы күн, велоспортты жанына серік еткен спортшылар! Бүгінгі вело маусымның ашылуына және балалар жылына орай ұйымдастырылған бұқаралық велошеруге қатысқандарыңызға қуаныштымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру мақсатында қаламызда бірнеше ірі жарыс өтіп жатыр. Соның бірегейі – бүгінгі қала тұрғындары мен қонақтары арасында ұйымдастырылған бұқаралық велошеру. Бүгінгі велошеру жастарды спортқа баулуға және салауатты өмір салтын насихаттауға көмектеседі деп сенемін. Барлық қатысушыларға сәттілік пен үлкен жеңістер тілеймін!» – деді.

Қалалық спорт басқарма басшысының орынбасары соңғы жылдары елорда тұрғындарының бұқаралық спортқа ерекше қызыға бастағанын, елордамызда көптеген халықаралық жарыстардың өткізілетінін, осылайша жалпы спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын да атап өтті.

Бүгінгі спорттық шеруге 500-ге жуық елордалық қатысып, іс-шараның көркін қыздырды.