Елорда мектептерінде оқу жылының аяқталуына байланысты салтанатты іс-шаралар өтті

Елорда мектептерінде оқу жылының аяқталуына байланысты салтанатты іс-шаралар өтті

«ТҮЛЕК-2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты жиын Нұр-Сұлтанның барлық мектебінде өтті. Бүгін 11-сыныптың 8 599 түлегі үшін соңғы қоңырау соғылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Салтанатты жиындар дәстүрлі түрде мемлекеттік Әнұранды орындаудан басталды. №91 мектеп-лицейіндегі оқу жылының аяқталуына байланысты іс-шараға Бахрейн Корольдігі Корольдік гуманитарлық қорының Бас хатшысы доктор Мұстафа әл-Саед, Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі және Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Арын, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов, сол сияқты әкімдіктің ведомстволық бағынысты құрылымдарының өкілдері қатысты.

№91 мектеп-гимназия Бахрейн Корольдігінің гуманитарлық қорының қолдауымен салынды. Мұнда мектеп оқушылары тегін білім алады.

Салтанатты жиында алғаш рет «Үздік ата-ана» медалі, сондай-ақ мектеп өміріне белсенді қатысқан ата-аналарға алғыс хаттар табыс етілді.
«Үздік ата-ана» төсбелгісі мектеп пен отбасының өзара іс-қимылын және ынтымақтастығын күшейтуге бағытталған жұмыс жүйесінің құрамдас бөлігі болып саналады.

Іс-шараның ресми бөлігі мектептің жаңа дәстүріне айналған Түлектер аллеясына ағаш отырғызумен жалғасты.

Айта кету керек, елордада қазіргі уақытта жалпы білім беретін 149 мектеп бар, оның 99-ы – мемлекеттік, 43-і – жекеменшік, 7-еуі – республикалық. Онда 215 мыңнан астам оқушы оқиды. Соңғы үш жылдың өзінде қалада 70 мың оқушыға арналған 34 жаңа мектеп салынды.

2021-2022 оқу жылында 8 599 түлек мектеп бітіреді, оның 343-і Алтын белгіге үміткер.

Естеріңізге сала кетейік, 11-сынып оқушылары үшін бітіру емтихандары осы жылдың 27 мамыры мен 10 маусымы аралығында 5 пән бойынша өтеді.