Баланы өрттен қорғаңыз: елордалық құтқарушылар ата-аналарды балаларын назардан тыс қалдырмауға шақырды

Баланы өрттен қорғаңыз: елордалық құтқарушылар ата-аналарды балаларын назардан тыс қалдырмауға шақырды

Оқу жылы аяқталды, алда үш ай жазғы демалыс. Әдетте, осы кезеңде балалар үйінде өздері қалады. Кәмелетке толмағандар арасында болатын жазатайым оқиғалар ұлғайып жатады. Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Есен Байыров онлайн-брифингте ересектер болмаған кездегі қауіпсіздік ережелері туралы еске салды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Спикердің айтуынша, жазғы демалыс кезінде, әдетте, балалар жалғыз қалып жатады.

«Бұл уақытта ересектер баласының каникулда бос уақытын қалай өткізетіні туралы ойлануы керек. Балалармен әңгімелесуі керек, оларға ересектер болмаған кезде туындауы мүмкін әртүрлі төтенше жағдайлардағы қауіпсіз мінез-құлық пен экстрималды жағдайда әрекет ету ережелерін түсіндіру керек. Қазіргі заманауи қала жағдайында бала қызығушылығына және ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауына байланысты қауіпті жағдайларға тап болады, олардың негізгілері – өрт, су айдындарындағы оқиғалар, балалардың терезеден құлауы», - деп атап өтті Есен Байыров.
Құтқарушылар ата-аналарға сіріңкелерді, оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтауды, пешті өз бетінше жағуға, газ және электр құрылғыларын пайдалануға жол бермеу керектігін ескертеді. Сондай-ақ балалардың отпен ойнауын тез арада тоқтату, өрт қауіпсіздігі ережелерін үнемі түсіндіру керек. Сол сияқты шұғыл қызметтердің телефон нөмірлерін балаға жаттату қажет.

«Жазғы кезеңдегі өрт қаупінің тағы бір көзі – терек мамығы. Көбінесе өрт балалардың ойланбастан терек мамығын тұтатуынан болуы мүмкін. Көбінесе балалар қараусыз қалған орындарда сіріңкемен ойнайды. Департамент ересектерге мынаны ескертеді: егер сіз көшеде терек мамығын тұтатып жүрген балаларды көрсеңіз, өтіп кетпеңіз, өрттің алдын алыңыз. Жас балалардың сіріңке мен оттық ұстауын болдырмаңыздар», - деп ескертті спикер.