Елордада 176 мыңнан астам оқушы жазғы демалысқа аттанады

Елордада 176 мыңнан астам оқушы жазғы демалысқа аттанады

Елорданың білім беру мекемелерінде оқушылар үшін жазғы демалыс ұйымдастырылады. Осы мақсатта қала мектептерінің 1-10 сынып оқушыларының жалпы санының 94%-ын қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Елордада мектеп оқушылары үшін жазғы демалыстың қалай ұйымдастырылатыны туралы онлайн-брифингте Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлім етті.
Жазғы демалыстың барлық түрімен 176 025 оқушы немесе 1-10 сынып оқушыларының (185 710 оқушы) жалпы санының 94%-ы қамтылатын болады.

Қала сыртындағы 2 лагерь (1440 бала), 2 шатырлы лагерь (960 бала), 2 бейінді лагерь (700 бала), 3 маусым жұмыс істейтін оқушылар сарайы жанындағы жазғы лагерь дайын.

92 мектепте 81 600 баланы қамти отырып, бастауыш сынып балаларына арналған мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылды.

«Жыл сайын балалар ҚР БҒМ квоталарына сәйкес «Балдәурен-Щучинск», «Балдәурен-Қапшағай», «Балдәурен-Балқаш» (5-9 сыныптар), «Бөбек» (1-4 сынып) республикалық сауықтыру лагерлеріне барады. 1-10 сынып оқушыларының жалпы санынан (185 710 оқушы) 51 847 баланы (28%) қамтитын 4 бағыт бойынша жұмыспен қамту жоспарланып отыр», – деп хабарлады спикер.

Балалар бірнеше бағыт бойынша жұмыспен қамтылады:

- еңбек: «Жасыл ел» көгалдандыру бригадасы, экологиялық лагерлер (2860 бала);
- шығармашылық: түрлі мекемелердегі қызығушылықтар бойынша клубтар мен үйірмелер, 28 аула клубы (35216 бала);
- спорттық-туристік: «Дидарлы жаз», «Айбынды маусым» лагерьлерінің жалпы білім беретін мектептерінің залдарында және спорт алаңдарында, туристік сапарларына, экспедицияларға (археологиялық, экологиялық, өлкетану) қатысу. Бұл ретте 1 755 бала тегін қамтылады;
- зияткерлік: «Жас Ұлан», «Жас қыран» мүшелерінің көшбасшылар активінің жазғы мектептері, жазғы тілдік мектептер, дебат лагерлері (12 016 бала).

Қасымхан Сенғазыев елордада соңғы қоңыраудың қалай өтетіні туралы да айтып берді.
«Биыл түлектер мектеппен және педагогтармен әдеттегі форматта қоштаса алады. Алайда іс-шаралардың бәрі мектеп қабырғасында салтанатты түрде өткізілуі керек. Мектептердің қамқоршылық кеңестері мектеп әкімшілігімен бірлесіп, осы іс-шараларға жұмсалатын үлкен шығындардың орынсыздығы туралы түлектердің ата-аналарына түсіндіру жұмысын өткізуі қажет. Сондықтан бұл ақпаратты тағы да мектеп түлектеріне және ата-аналар қауымдастығына жеткізуді сұраймыз. Мұны орындау оқу орнының басшысына жүктеледі. Барлық мектептердегі соңғы қоңырау 25 мамырда дәстүрлі форматта салтанатты түрде қонақтардың, ата-аналардың қатысуымен өтеді», – деді ол.

«Алтын белгі» иегерлерін салтанатты түрде табыстау елорда саябағының амфитеатрында 17 маусым күнге жоспарланып отыр.

Бұл іс-шараларға мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, олардың ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, патронаттық ұйымдар, мүдделі мемлекеттік органдар және басқалар қатыса алады.

Бұл ретте бітіру жұмысын білім беру ұйымының өзі жүргізуі тиіс.

Мыналарға жол берілмейді:

- іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, салтанаттарды өткізу үшін жеке студияларды тарту;
- мерекелік үстелдер ұйымдастыру;
- автомобильдерді жалға алып, қала (аудан) бойынша көшпелі экскурсиялар өткізу;
- мектеп әкімшілігі мен педагогтерге сыйлық алу үшін қаражат жинау;
- ойын-сауық мекемелерінде бітіру іс-шараларын ұйымдастыру.