Мәдени демалыс: Нұр-Сұлтанда осы аптада қандай іс-шаралар өтеді

Мәдени демалыс: Нұр-Сұлтанда осы аптада қандай іс-шаралар өтеді

Елорданың мәдениет мекемелері апта сайын қала тұрғындарына арнап іс-шаралар ұйымдастырады. Мәселен, осы аптада қала тұрғындары мен қонақтары бірнеше концертке қатысып, сүйікті әртістерінің өнерін тамашалай алады, сол сияқты еліміздің көрнекті қайраткерлері туралы дәріс тыңдап, мұражайларды аралай алады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Мемлекеттік академиялық орыс драма театры осы аптада үш қойылым қояды: 29 және 30 наурызда сағат 19:00-де А.Касонның «Дикарь. Третье слово»; 2 сәуірде сағат 11:00-де А.Болдиновтың «Приключения Аистенка» ертегісі; сол күні сағат 18:00-де А. Островскийдің «Гроза» драмасы.

29 наурыз күні сағат 18:00-де Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «Әлем» эстрадалық би ансамблі өнер көрсетеді. 31 наурыз күні сағат 19:00-де «Астана» концерт залында «В потоке времени» ішекті аспаптар квартетінің концерті өтеді. 2 сәуір күні кешке елордалық филармония үрмелі аспаптар оркестрі мен «Компьютерлік ойындардың саундтректері» камералық хорының музыкалық кешін ұйымдастырады.

2 және 3 сәуір күндері сағат 16:00-де Астаналық цирк жұртшылықты Алматы мемлекеттік циркінің «EXCENTRIKO» бағдарламасына шақырады.

«Жастар» театры көрермендерге екі қойылым әзірлеп отыр: 29-31 наурыз аралығында – Қ.Жүнісовтің «Пранк махаббат» комедиясын, 2 және 3 сәуірде – І. Есенберлиннің «Ғашықтар» драмасын ұсынады.

Қуыршақтар театрында 28-31 наурыз күндері «Наурыз-думан» қуыршақтар шоуы өткізіледі, 1-3 сәуір аралығында Г.Х. Андерсеннің «Кішкентай су перісі» ертегісін тамашалауға болады.

31 наурыз бен 1 сәуірде Музыкалық жас көрермен театры «Табысты орын» комедиясын, ал 3 сәуірде «Махаббат – Жүрек» музыкалық-поэтикалық спектаклін көрсетеді.

Nomad City Hall сахнасында 1 және 2 сәуірде Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» премьерасын ұсынады.

Нұр-Сұлтан қаласының біріккен музейлер дирекциясы да осы аптада көптеген іс-шара жоспарлап отыр. Олардың басым бөлігі көбірек көрермен жинау үшін онлайн форматта ұйымдастырылады. 28 наурызда АЛЖИР тұтқындарын еске алуға арналған көрме өтеді. 1 сәуірде «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің аккаунттарында танымал қазақстандық әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Табиғат сыйлаған дарын» атты дәріс өтеді.

1 сәуірде дирекция «Сол қанды уақытта» көрмесін, ал 3 сәуірде «Тағдырды байланыстыратын жіп» экспозициясын ұйымдастырады.
30 наурызда Сәкен Сейфуллин музейінде дәстүрлі түрде онлайн экскурсия, 31 наурызда «Сәкен және Рахима Халфина» атты зерттеу-мақала жарияланады.

Елорда кітапханалары апта бойы атаулы күндерге орайластырылған кітап көрмелерін, оқу сағаттарын, кездесулерді, әдебиеттерге шолулар мен ашық есік күндерін өткізеді. Қала тұрғындары мен қонақтарын мәдени іс-шараларға шақырамыз.