Қазақстанның Азаматтық Альянсы Президент Жолдауын талқылады

Қазақстанның Азаматтық Альянсы Президент Жолдауын талқылады

Қазақстанның Азаматтық Альянсы гибритті форматта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Жолдауды үкіметтік емес ұйым өкілдері өте жылы қабылдады. Бұл Жолдау әсіресе өңір тұрғындарының көңілінен шықты деп ойлаймын. Жаңадан үш облыс қосылды. Ол аймақтар енді дамиды деген сенімдеміз. Екіншіден, Жолдаудағы саяси реформалар экономикамызға, әлеуметтік жағдайымызға серпіліс етпек. Бүгінгі жиында үкіметтік емес ұйымдар бас қосып, Жолдауды талқылап, ұсыныстарын білдірді. Президент өз Жолдауында Азаматтық Альянс жұмысын ерекше атады. Бүгінге дейін мұндай дәрежеге жетпеген едік. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың еңбегі деп ойлаймын», - деді Қазақстанның Азаматтық Альянсы президенті Бану Нұрғазиева.

Өз кезегінде Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Башимов Президенттің «Естуші мемлекет» тұжырымдамасына, оны жүзеге асырудағы азаматтық қоғамның маңызына айрықша тоқталып өтті.

«Президент өз концепциясында «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы жайлы айтты. Әділетті қоғам, мемлекет құрайық дегені оны азаматтық қоғаммен құратыны белгілі. Себебі мемлекеттік емес ұйымдар, өзге де осындай азаматтық қоғамға кіретін, елге жаны ашып, жүрегін арнайтын жандар ғана осындай реформаларды алға жүргізеді. Қоғам мен мемлекет үнемі байланыста болуы керек. Қазіргі уақытта азаматтық қарым-қатынастар жақсы деңгейде орнауы керек», - деді Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры.