Көктал-1 тұрғын алабының Жұмбақтас көшесінің қасында бос орынның орнына футбол алаңы, скейт-аумақ, воркаут-алаңдар салынады. Нұр-Сұлтан қаласының Урбанистика орталығы өкілдерінің жергілікті тұрғындармен өткен кездесулерінен кейін қоғамдық кеңістікті абаттандыру жобасы бекітілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Жобалау алдында елордалық урбанистер сауалнама жүргізіп, қала тұрғындарының тілектерін жинайды. Тұрғындармен кездесулерде командалық дизайн-ойын өткізіледі. Нәтижесінде жаңа қоғамдық кеңістікті ұйымдастырудың эскиздік ұсынысы пайда болады. Жобаны биыл іске асыру жоспарлануда. Аталған аймақ кішкентай балалар ойнына және спорттық ойындарға арналған деп бөлінген. Біріншісінде әткеншектер, құмсалғыштар, орындықтар орнатылады. Спорт аймағында – скейт шағын аймағы, 2 воркаут-алаң және футбол алаңы пайда болады. Тыныш демалыс аймақтары мен тез тамақтану орындары қарастырылған. Ағаш отырғызу да көзделген», - деп хабарлады Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы.
Урбанистика орталығы осындай кездесулерді апта сайын қаланың әрбір ауданында өткізеді. Айта кетейік, бұл жұмыс "Нұр-Сұлтан - жайлы қала" мастер-жоспары аясында жүргізілуде.