
Елордада өтіп жатқан World Aquatics 2026 жүзуден әлем кубогының қорытынды кезеңіне қатысушылар Астананың туристік орындарын аралады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жарысқа 39 елден 300 спортшы қатысып жатыр. Шетелдік спортшылардың, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің келуі оқиғалы туризмнің дамуына ықпал етіп, қонақүй, көлік, экскурсия және басқа да қызметтерге сұранысты арттырады.
Шетелдік қонақтар «Бәйтерек» монументін, Тәуелсіздік алаңын, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейін және «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығын аралады. Олар елорданың заманауи сәулетіне, қаланың абаттандырылуына, қазақстандықтардың қонақжайлығына және еліміздің бай мәдени мұрасына жоғары баға берді.
Спортшылар да Қазақстанның өзіндік «елшілеріне» айналып отыр. Олар ел туралы әсерлерін әлеуметтік желілерде жариялап, сапар жайында жақындарына әңгімелейді. Осылайша, халықаралық аудиторияға Қазақстанның туристік мүмкіндіктері жайлы таныстырады.
Еске салайық, 2026 жылдың басында Туризм және спорт министрлігі оқиғалы туризмді дамытуға және өңірлерге туристер тартуға бағытталған негізгі оқиғалық іс-шаралар күнтізбесін алғаш рет бекітті. Күнтізбені іске асыру, ақпараттық жұмысты жандандыру және өңірлермен үйлесімді жұмыс жүргізу іс-шараларға келушілер санының артуына ықпал етті.
Жүргізілген жұмыстың оң нәтижелерін ескере отырып, министрлік туристік іс-шаралар күнтізбесін Қазақстанда өтетін ірі халықаралық спорт жарыстарының кестесімен сәйкестендіру мәселесін пысықтап жатыр.
Бұл тәсіл спорттық және мәдени-туристік бағдарламаларды ұштастыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында жарысқа қатысушылар мен шетелдік қонақтар спорттық бәсекелерді тамашалап қана қоймай, мәдени іс-шараларға қатысып, ұлттық дәстүрмен және еліміздің көрікті жерлерімен таныса алады.
Атап айтқанда, 2027 жылы Қазақстанда спорттың әр түрінен алты әлем чемпионатын өткізу жоспарланған. Астанада үстел теннисі, дзюдо, қазақ күресі, бокс және таеквондодан әлем чемпионаттары өтеді. Сондай-ақ УЕФА конгресі де маңызды халықаралық оқиғалардың бірі болмақ.