
Астанада жүзуден World Aquatics Swimming World Cup 2026 әлем кубогының қорытынды кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған беделді халықаралық турнирге әлемнің 39 елінен 300-ден астам спортшы жиналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнирдің ашылу салтанатына World Aquatics халықаралық су спорты федерациясының президенті Хусейн әл-Мусаллам, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ спорт қоғамдастығының өкілдері қатысты.
«Әлем кубогын өткізу – отандық спортты дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл турнир спортшыларымызға әлемнің үздік атлеттерімен бақ сынап, құнды тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Жарыс жас спортшыларға жаңа серпін беріп, мыңдаған баланы жүзумен айналысуға шабыттандырады деп сенемін. Ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы халықтар мен мәдениеттерді байланыстырып келді. Бүгінде бұл тарихи жол бізді спорт, достық және адал бәсеке арқылы қайта біріктіріп отыр», – деді Ербол Мырзабосынов.
Жарыс 15-17 қазан аралығында елорданың «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатыр. Жүлделер үшін әлемнің жетекші жүзушілері, соның ішінде Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бақ сынайды.
Қазақстан атынан өз алаңында өтетін жарысқа 22 спортшы қатысады. Олардың арасында Астана қаласының өкілдері де бар.
2026 жылы Әлем кубогы Silk Road Tour халықаралық сериясы аясында өтіп жатыр. Алғашқы екі кезең Әзербайжанның Баку қаласында және Өзбекстанның Ташкент қаласында ұйымдастырылды. Ал Астана жарыстың қорытынды кезеңін қабылдап отыр.