
Астанадағы Желілік саябақ аумағында көпшілікке коньки тебуге, отбасылық демалыс пен қысқы ойын-сауыққа арналған жаңа кеңістік – ASTANA WINTER PARK / MEGAICE жобасы іске асырылып жатыр. Мұз айдыны саябағының ашылуы 15 қарашаға жоспарланған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мұз айдынының жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді, ал мұз жолының ұзындығы 1 400 метрді құрайды.
Дәстүрлі мұз айдындарынан ерекшелігі, жаңа кеңістікте ұзын мұз жолдары, демалыс аймақтары, мерекелік жарықтандыру және келушілердің уақытын жайлы өткізуіне қажетті инфрақұрылым қарастырылады.
Келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жылы павильондар, конькиді жалға беру пункттері, отбасылық демалыс аймақтары мен қоғамдық тамақтану орындары ашылады.
Мұз жабынының сапасын сақтау үшін кәсіби тоңазытқыш жабдықтарын, арнайы мұз құятын техникаларды және заманауи инженерлік жүйелерді пайдалану көзделген.
Сонымен қатар мұз бетінде түрлі визуалды әсерлер жасауға мүмкіндік беретін жарық және интерактивті технологияларды енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Жоба жеке инвестициялар тарту және мұз инфрақұрылымын құру саласындағы халықаралық тәжірибені пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
Мұз айдыны саябағының алғашқы маусымы 2027 жылғы 31 наурызға дейін жалғасады.