Астанада жүзуден әлем жұлдыздары жас спортшыларға шеберлік сабағын өткізді

Астанада жүзуден әлем жұлдыздары жас спортшыларға шеберлік сабағын өткізді

Астанада өтетін World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 жүзуден әлем кубогы кезеңі қарсаңында турнирдің жұлдыздары «Барыс Арена» мұз сарайында жас спортшыларға арнайы шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қазіргі спорттың жұлдыздары – Олимпиада чемпионы Кэмерон Макэвой, әлем чемпионы Цинь Хайян және әлем чемпионатының жүлдегері Юй Итинг жастарға тәжірибе бөлісіп, саланың қыр-сырын үйретті. Бір сағатқа созылған кездесуге еліміздің түрлі өңірінен келген спорт мектептері мен клубтарының 10-12 жас аралығындағы 35 тәрбиеленушісі қатысты.

Жас жүзушілер үшін бұл кездесу кәсіби спорттың қыр-сырын жақынырақ тануға берілген бірегей мүмкіндік болды. Балалар атақты спортшылардың жетекшілігімен жүзу техникасының жекелеген тәсілдерін пысықтап қана қоймай, өздері үлгі тұтатын спортшылармен еркін әңгімелесе алды. Жұлдыздар спорттағы жолы туралы естеліктері жайлы ой бөлісіп, қиындықтарды қалай еңсергенін айтып, балаларға алдағы жаттығулары мен құнды кеңестерін жеткізді.

Еске салайық, World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 әлем кубогының кезеңі ел астанасында алғаш рет 15-17 қазан аралығында өтеді. Турнир бұған дейін Баку мен Ташкентте өткен Silk Road Tour беделді сериясының қорытынды кезеңі болмақ.

Кэмерон Макэвой жас спортшылармен кездесуден алған әсерімен бөлісіп, мұндай тәжірибенің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Мен үшін бұл – ерекше тәжірибе. Олармен жақынырақ танысқаныма өте қуаныштымын. Кішкентай кезімде осындай шеберлік сабақтарына қатысып, өзім үлгі тұтатын кәсіби спортшылардан үйренгенді ұнататынмын. Сондықтан осында келіп, жүзуді енді бастаған жас спортшыларға өз білгенімді үйрету мен үшін үлкен қуаныш. Балалардың арасында дарынды жүзушілердің көп екенін байқадым. Бұл мені қатты қуантады», – деді Олимпиада чемпионы.