«Ойынға салауатты көзқарас»: Астанада колледж студенттерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті

«Ойынға салауатты көзқарас»: Астанада колледж студенттерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті

Астанадағы Құрылыс-техникалық колледжінде бірінші курс студенттерінің қатысуымен «Ойынға салауатты көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында ойынға тәуелділіктің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағыт беру.

«Бүгінгі кездесудің мақсаты – студенттердің пікірін тыңдап, олардың білім алу және тәрбие үдерісінде кездесуі мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу жолдарын талқылау. Қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау үшін өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығы мен жеке жауапкершілігін арттыру маңызды. Дөңгелек үстелге 40-қа жуық бірінші курс студенті қатысты. Олардың қатарында қала және ауылдан келген жастар бар», – деді Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Күнімбала Баяхметбаева.

Жиында ойынға тәуелділіктің әлеуметтік салдары, компьютерлік және интернет-ойындарға шамадан тыс әуестенудің кері әсері, сондай-ақ оның алдын алу жолдары сөз болды. Қатысушылар лудоманияның адамның психологиялық жағдайына, отбасылық қарым-қатынасына және қаржылық тұрақтылығына тигізетін ықпалын талқылады.

Сонымен қатар жастар арасында түсіндіру жұмысын жүргізу, ойынға қатысты саналы көзқарас қалыптастыру және тәуелділік белгілері байқалған жағдайда психологиялық әрі медициналық көмекке жүгінудің маңызы атап өтілді.

Мамандар студенттерге уақытты тиімді жоспарлау, оқу мен демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау жөнінде кеңес берді. Кездесу барысында жастар пікірін білдіріп, тақырыпқа қатысты сұрақтарына жауап алды.