
Астананың Еңбек мобильділігі орталығында «Халық заңгері» акциясы аясында азаматтарды көшпелі қабылдау өтті. Тұрғындар мемлекеттік органдар мен бейінді ұйымдардың өкілдерінен тегін құқықтық кеңес алып, толғандырған сұрақтарына жауап ала алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акцияны «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Сарыарқа ауданының прокуратурасы ұйымдастырды. Қабылдауға 15-тен астам ведомство мен ұйымның өкілдері қатысты.
«Іс-шараның басты мақсаты – халыққа қолжетімді құқықтық көмек көрсету, білікті заңгерлік кеңес беру, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру және құқықтық мәселелерді шешуге жәрдемдесу», – деді Сарыарқа ауданының прокуроры Данияр Ізбасаров.
Акцияға қатысушылардың бірі қажетті ақпаратты өз бетінше іздегеннен гөрі, мамандардан тікелей жауап алу әлдеқайда ыңғайлы екенін атап өтті.
«Шынын айтқанда, мұндай іс-шаралардың маңызы көп жағдайда ескерілмей жатады. Меніңше, тұрғындар осындай іс-шараларға жиірек қатысуы керек. Өз басым интернеттен ақпаратты іздегенше, барлық сұрағымды бірден қойғанды жөн көремін», – деді ол.
Келушілерге құқық бұзушылықтардың алдын алу және алаяқтықтан қорғану жөніндегі жадынамалар таратылды. Акция қорытындысы бойынша 60-тан астам тұрғынға құқықтық түсіндіру жұмысы жүргізілді. Прокуратура өкілдері халыққа қолжетімді құқықтық көмек көрсету жұмыстары жалғасатынын хабарлады.