Теориядан өндіріске: Астанада колледж студенттері машина жасау кәсіпорнына барды

Теориядан өндіріске: Астанада колледж студенттері машина жасау кәсіпорнына барды

Астанада дуалды оқыту жүйесін дамыту аясында Жоғары көлік және коммуникация колледжінің студенттері машина жасау кәсіпорнында өндірістік экскурсиядан өтті. Astana Invest ұйымдастырған шара барысында жастар «STALBAU» ЖШС-нің жұмысымен танысып, теориялық білімдерінің өндірісте қалай қолданылатынын көрді. Қазір колледждің 2-4 курсында оқитын 573 студент дуалды оқыту жүйесімен қамтылған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Айта кету керек, «STALBAU» ЖШС – Астана қаласының машина жасау саласындағы өкілдерінің бірі. Компания коммуналдық, жол және арнайы техникаларды өндірумен және жеткізумен айналысады. Нарықта 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын өзінің өндірістік базасын дамытып, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуде.

Astana Invest, Жоғары көлік және коммуникация колледжі және кәсіпорындар арасында дуалды оқытуды дамытуға бағытталған үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

«Колледжімізде дуалды оқыту жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда 2-4 курстарда білім алып жатқан 573 студентіміз дуалды оқыту жүйесіне қамтылған. Бұл бағыттағы маңызды серіктестеріміздің бірі – Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы. Astana Invest-тің қолдауымен колледжіміз бен бірқатар жетекші кәсіпорындар арасында үшжақты ынтымақтастық орнатылып, меморандумдарға қол қойылды», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Жоғары көлік және коммуникация колледжі» директорының орынбасары Ұланбек Бақытұлы.

Дуалды оқыту, ең алдымен, студентке үлкен мүмкіндік береді. Білім алушы кәсіпорында тәжірибеден өту арқылы болашақ мамандығының қыр-сырын меңгереді, кәсіби дағдыларын қалыптастырады, еңбек ортасына бейімделеді.

«Astana Invest – кәсіпорын – колледж арасындағы үшжақты ынтымақтастықты білім мен өндірісті байланыстыратын маңызды серіктестік деп бағалаймыз. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде студент сапалы білім мен тәжірибе алады, кәсіпорын білікті кадр даярлауға қатысады, ал колледж еңбек нарығының нақты талаптарына сай маман даярлау мүмкіндігін арттырады», – дейді Ұланбек Бақытұлы.