
Елордадағы «Жастар» сарайында «Студенттік қалқан» студенттік театр фестиваль-байқауы өтті. Оған Астананың жоғары оқу орындарынан 250-ден астам студент қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Байқау жастардың діни экстремизм мен терроризм идеяларына теріс ұстаным қалыптастыруға, құқықтық тәрбие беруге және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталды.
«Заң мен тәртіп қағидаты, сондай-ақ экстремизм мен терроризмнің алдын алу – қазіргі қоғам үшін, әсіресе жастар үшін өзекті тақырыптар. Бүгінде бұл қағидатты дамыту үшін ерекше форматты – студенттердің шығармашылығын таңдадық. Елордалық жоғары оқу орындарының студенттік театрларында өнер көрсететін жастар театр қойылымдары мен мобилографиялық роликтер арқылы қоғам үшін маңызды құндылықтар туралы өз ойларын жеткізді. Жобамыз көрермендерге ұнайды деп үміттенемін», – деді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.
Фестиваль аясында үздік театрландырылған қойылым мен үздік мобилография бойынша байқаулар өтті.
«Мен Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің екінші курсында оқимын. Біз экстремизмнің алдын алу тақырыбында мобиролик жасадық. Сонымен қатар қолдау көрсету тобы ретінде сахнаға шыққан жігіттерге жанкүйер болдық», – деді Парасат есімді студент.