Елорда әуежайында су добынан Азия ойындарының күміс жүлдегерін салтанатты түрде қарсы алу іс-шарасы өтті

Елорда әуежайында су добынан Азия ойындарының күміс жүлдегерін салтанатты түрде қарсы алу іс-шарасы өтті

Астана әуежайында XX жазғы Азия ойындарынан оралған елордалық су добы спортшысы, күміс медаль иегері Әділ Балтабекұлы мен Қазақстан құрамасының жаттықтырушыларын салтанатты түрде қарсы алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Оларды әуежайда спорт қауымдастығының мүшелері, БАҚ өкілдері, туған-туыстары мен жанкүйерлері қарсы алды.
Финалдық кездесуде Қазақстан құрамасы турнир иелері – Жапония командасымен кездесті. Ойын жапониялық су добы спортшыларының 24:7 есебімен жеңісімен аяқталды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы XX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Ұлттық құрама сапында ел намысын елордалық спортшылар Әділ Балтабекұлы, Душан Маркович, Срджан Вуксанович және Юлиан Вердеш қорғады.

«Ең алдымен жаттықтырушылар құрамына алғысымды білдіргім келеді. Олар бізді жарысқа дайындап, үнемі қолдау көрсетті, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырып, команданы нәтижеге қарай жетеледі. Азия ойындарында ел намысын лайықты қорғап, күміс медаль жеңіп алдық. Бұл жүлде бізге оңай келген жоқ. Ол ұзақ әрі табанды дайындықтың нәтижесі болды», – деді Қазақстан құрамасының ойыншысы Әділ Балтабекұлы.

Қазақстан құрамасының турнирдегі ойындары:
Қазақстан – Жапония – 11:19;
Қазақстан – Гонконг – 29:15;
Қазақстан – Таиланд – 21:6;
Қазақстан – Оңтүстік Корея – 18:14;
Қазақстан – Қытай – 11:10;
Қазақстан – Жапония – 7:24.