
Астанадағы Abyroy спорт кешенінде Ұстаздар күні мерекесіне орай елорданың 6 ауданынан іріктеліп шыққан мектеп ұстаздары арасында волейбол турнирі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнирге әр ауданнан іріктеліп шыққан №27 мектеп-лицейі, №45 орта мектебі, №49 орта мектебі, №63 мектеп-лицейі, №68 мектеп-гимназиясы, №84 мектеп-лицейі, №86 мектеп-гимназиясы, №99 орта мектебі, №105 орта мектебі, Сарайшық ауданындағы BINOM мектебі, №114 жалпы білім беретін мектеп, №115 жалпы білім беретін мектептер қатысып жатыр.
«Бұл іс-шара – ұстаздар күніне арналған волейбол турнирі. 5 жыл бойы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Басты ерекшелігі ретінде бастапқы кезеңде әр аудан ішінде іріктеу жарысы өтіп, оның екеуі финалдық кезеңге келіп жатқандығын айтуға болады. Шамамен қаладағы 50 мектеп іріктеу кезеңінде бақ сынады. Бірнеше жыл бұрынғы көрініспен салыстырар болсақ, волейболдың танымалдығы ұстаздар арасында артқанын айқын байқауға болады», – деді ұлттық дәрежедегі төреші әрі жарыс ұйымдастырушысы Дәулет Хамзин.