
Астанада өңірдегі ең ірі технологиялық форумдардың бірі – AI & Digital Bridge 2026 өтті. Елорда стендінде Astana Innovations қалалық ортада қолданыла бастаған негізгі цифрлық шешімдер мен технологиялық жобаларды таныстырды. Олардың қатарында Astana.kz бірыңғай цифрлық платформасы, Astana R&D Ecosystem және Cerebra AI бар, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Форумға әзірлеушілер, инвесторлар, мемлекеттік сектордың, технологиялық компаниялар мен стартаптар қауымдастығының өкілдері қатысты. AI & Digital Bridge 2026 форумын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Президент жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және робототехника салаларындағы перспективалы жобалармен танысты.
Биыл форумға 30 мыңнан астам адам, 300-ден астам спикер және 100-ден астам технологиялық компанияның өкілдері жиналды. Бағдарламаның негізгі бағыттары жасанды интеллект, робототехника, цифрлық трансформация, инвестициялар және технологиялық кәсіпкерлік болды.
Астана стендінде елорда тұрғындары мен бизнеске арналған Astana.kz бірыңғай цифрлық платформасы таныстырылды. Іске қосылғаннан бері оны 20 мыңнан астам пайдаланушы қолданса, көрсетілген қызметтердің саны 30 мыңнан асты.
Astana R&D Ecosystem нақты қалалық міндеттерді шешуге арналған жаңа технологияларды іздеу, сынақтан өткізу және пилоттық режимде енгізу жұмысын біріктіреді. Ал Cerebra AI дәрігерлерге медициналық кескіндерді талдауға және жедел инсульт белгілерін жылдам анықтауға көмектеседі. Бұл шешім қазірдің өзінде елорданың үш инсульт орталығында қолданылып, 7,5 мыңнан астам пациентті қамтыды.
Іскерлік бағдарламаның негізгі шараларының бірі «Жасанды интеллект дәуірінде кім көшбасшы болады – мемлекет пе, әлде бизнес пе?» атты панельдік сессия болды. Пікірталасқа Астана әкімінің орынбасары Евгений Глотов, 01.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Кай-Фу Ли, Open Insights компаниясының негізін қалаушы Усама Файяд және Oxford Insights компаниясының негізін қалаушы Ричард Стирлинг қатысты. Сессияны Smartest Prep компаниясының бас директоры әрі тең құрылтайшысы Лаура Вайгорова жүргізді.
«Бизнес технологияларды жасай алады. Ал мемлекет олардың ауқымын кеңейтуге көмектесе алады. Алайда технологияның шынайы құндылығы оны енгізу нәтижесінде адамдардың өмірінде қандай өзгеріс болғанымен анықталады. Егер біз бизнестің жылдамдығын, ғылыми білімді, мемлекеттің ауқымы мен мүмкіндіктерін біріктіре алсақ, әрқайсымыздың жеке әрекетімізге қарағанда әлдеқайда жылдам алға жылжимыз», – деді елорда әкімінің орынбасары Евгений Глотов.
Форум аясындағы тағы бір маңызды іс-шара – Demo Day Astana Innovations Accelerator 2026 өтті. Оның барысында 17 стартап денсаулық сақтау, білім беру, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен инфрақұрылым, қауіпсіздік және инклюзивті технологиялар салаларындағы қалалық міндеттерді шешуге арналған жобаларын таныстырды.
Биыл акселераторға 354 өтінім түсті. Бағдарламаға 29 жоба іріктеліп, оның 18 командасы бағдарламаны аяқтады. 12 апта бойы қатысушылар әкімдіктің бейінді басқармалары және қалалық ұйымдармен бірге жұмыс істеп, өз әзірлемелерін нақты жұмыс процестеріне бейімдеді, шешімдерін сынақтан өткізіп, пилоттық жобаларды іске асырды.
Таныстырылған әзірлемелердің қатарында коммуналдық желілердегі апаттарды болжау, көлік және жаяу жүргіншілер ағынын талдау, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын цифрландыру, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған шешімдер бар.
«12 апта ішінде стартаптар қалалық міндеттерді шешуден өз әзірлемелерін сынақтан өткізу және пилоттық режимде енгізуге дейінгі жолдан өтті. Бүгінде біздің командалар халықаралық технологиялық алаңдарға шығып, инвестициялық мүмкіндіктерге ие болып, Қазақстанды АҚШ-та танытып жүр. Біз үшін нәтиже – мықты команда, қала жағдайында сынақтан өткен шешім және оны ауқымды түрде енгізу мен халықаралық нарыққа шығудың келесі қадамы», – деп атап өтті «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.
Astana Innovations Accelerator жобасын Астана қаласының әкімдігі мен «Astana Innovations» АҚ Astana Hub-пен бірлесіп жүзеге асырады. Бағдарлама технологиялық командаларға шешімдерін нақты қалалық міндеттер негізінде сынауға және тиімді әзірлемелерді кейіннен енгізуге дайындауға мүмкіндік береді.
AI & Digital Bridge 2026 форумында елорда цифрлық сервистер мен жаңа технологиялардың қалалық ортаның бір бөлігіне айналып, іс жүзінде сынақтан өтіп, әрі қарай ауқымын кеңейтуге мүмкіндік алып жатқанын көрсетті.