Астанада ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді

Астанада ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді

Ұстаздар күніне орай Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ұстаздан ұлағат – ұрпаққа аманат» тәрбиелік бейнероликтер байқауы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Байқаудың негізгі мақсаты – «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын насихаттау, ардагер ұстаздардың өнегелі жолын дәріптеу және аға буын мен жас директорлар арасындағы сабақтастықты нығайту.

Байқауға елорданың 6 ауданынан мектепке дейінгі ұйымдар мен жалпы білім беретін мектептер қатысты. Әр ауданнан ардагер ұстаз, жас директор, педагогтер мен оқушылардан құралған шығармашылық топтар 5-7 минуттық бейнероликтер ұсынды. Жұмыстарда ұстаз еңбегі, шәкірт тәрбиесіндегі педагогтің рөлі және ұрпақтар сабақтастығы көрініс тапты.

Іс-шараның ашылуында Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев ардагер ұстаздарды құттықтап, олардың білім беру саласына қосқан үлесін атап өтті.

Бейнероликтерде адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік, отаншылдық пен бірлік құндылықтарына ерекше мән берілді. Сонымен қатар ардагер ұстаздардың кәсіби жолы, өмірлік ұстанымы және кейінгі буынға берген тағылымы көрсетілді.

«Ұстаз өнегесі – адал азамат тәрбиесінің бастауы!» идеясын арқау еткен байқау жұмыстары тәрбиелік мәні, «Адал азамат» құндылықтарының ашылуы, ұрпақ сабақтастығы, шығармашылық идеясы, бейнеролик сапасы және көрерменге әсері бойынша бағаланды.

Байқау қорытындысы бойынша:
– Бас жүлде – Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №78 мектеп-гимназиясы;
– I орын – №119 жалпы орта білім беретін мектебі;
– II орын – №35 «Ертегі» балабақшасы;
– III орын – №56 мектеп-лицейі.

Жеңімпаздар дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Байқау аға буынның тәжірибесін дәріптеп қана қоймай, ұстаздық дәстүрдің сабақтастығын көрсетуге және жас педагогтерге өнеге боларлық тұлғалардың еңбек жолын насихаттауға мүмкіндік берді.