«Flamingo Fest»: Астанада балабақша мен мектеп арасындағы сабақтастықты нығайтатын семинар өтті

«Flamingo Fest»: Астанада балабақша мен мектеп арасындағы сабақтастықты нығайтатын семинар өтті

Астанадағы №84 «Кәусар» балабақшасында балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға және экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Flamingo Fest» қалалық семинары өтті. Іс-шара балабақша мен №95 мектеп-лицейі арасындағы сабақтастық аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Семинарға балабақша тәрбиеленушілері мен олардың ата-аналары, педагогтер, мектеп өкілдері және білім басқармасының мамандары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында балаларды туған өлкенің табиғи байлығымен таныстыру, сөздік қорын дамыту, шығармашылық қабілетін арттыру және экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар балабақша мен мектеп арасындағы сабақтастықты нығайтып, табиғатты қорғау бағытындағы бірлескен жұмысты жандандыру көзделді.
Іс-шара барысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының маңызы түсіндірілді. Балаларға қоршаған ортаны қорғау күнделікті қарапайым әрекеттерден басталатыны айтылды. Атап айтқанда, қоқысты арнайы жәшікке тастау, құстар мен жануарларға қамқорлық жасау, суды және табиғи ресурстарды үнемдеу қажеттігі сөз болды.

№84 «Кәусар» балабақшасының меңгерушісі Балауса Қайырғалиеваның айтуынша, экологиялық тәрбиені баланың күнделікті әрекетімен ұштастыру маңызды.

«Балаға тәрбие беру барысында біз ең алдымен оның қоршаған ортаға, айналасындағы адамдарға және табиғатқа деген қарым-қатынасына көңіл бөлеміз. Бүгінгі іс-шара арқылы балабақшадағы тәрбиенің мектеппен сабақтастығын ғана емес, балалардың табиғатты танып, оны қорғауға деген алғашқы қадамдарын да көрсетіп отырмыз. «Таза Қазақстан» акциясының мәні де осында. Тазалықты сақтау – тек үлкендердің міндеті емес, оны бала кезден қалыптастыратын мәдениет. Бала ауласын таза ұстап, қоқысты арнайы жәшікке тастап, құсқа қамқорлық жасап үйренсе, бұл әдет оның болашақтағы өмір салтына айналады. Сондықтан экологиялық тәрбиені баланың күнделікті әрекетімен ұштастыру маңызды», – деді Балауса Қайырғалиева.

Семинардың танымдық бөлімінде балалар «Ғажайып табиғат әлеміне» саяхат жасап, Қорғалжын қорығының табиғатымен танысты. Сондай-ақ қорық аумағында мекендейтін аң-құстар бейнеленген арнайы макет ұсынылды.

Шығармашылық бөлімде «FLAMINGO ART» шеберлік алаңы ұйымдастырылды. Онда бүлдіршіндер жұқа ағаштан алдын ала дайындалған қоқиқаз пішіндерін безендіріп, өз қиялдарын көрсетті.

Ал «Кескінді тап» дидактикалық ойыны балалардың зейіні мен танымдық қабілетін дамытуға арналды. Ойын барысында олар құстардың бейнесін сұлбаларымен сәйкестендіріп, оларды ажыратып, санады.

Осындай танымдық және шығармашылық іс-шаралар балалардың мектепке дейінгі кезеңнен бастап қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Сонымен қатар табиғатты қорғау құндылықтарын күнделікті дағдылар арқылы қалыптастырып, балабақша мен мектеп арасындағы тәрбиелік сабақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.