Астанада аға буын өкілдеріне арналған мерекелік концерт өтті

Астанада аға буын өкілдеріне арналған мерекелік концерт өтті

Астанада Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым, аман-сау жүрші!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Іс-шараны «Есіл» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Концерттің мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу және белсенді өмір салтын насихаттау.
«Есіл» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекші маманы Мақпал Тұрақбайқызының айтуынша, орталық 2021 жылы ашылған. Қазір мұнда 6 мыңнан астам адам бар.

«Қыркүйек айының өзінде 1169 адам орталықтың қызметін пайдаланды. Қазір мұнда 10 түрлі қызмет түрі көрсетіледі, 17-ден астам клуб жұмыс істейді. Зейнеткерлер спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысады, хорда ән айтады, сурет салады. Көпшілігі орталыққа келгеннен кейін денсаулығы жақсарғанын, емханаға бару азайғанын айтып жүр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш», – деді Мақпал Тұрақбайқызы.
Мерекелік іс-шарада қарияларды «Есіл» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекші маманы Мақпал Тұрақбайқызы, «Есіл» ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Шарипа Өстемірова және «Ауыл» партиясының Астана қалалық өңірлік филиалының төрағасы Ұлан Әбдіханов құттықтады.

Сондай-ақ Ұлан Әбдіханов 80 жастан асқан зейнеткерлерге «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған мерекелік медальдар мен сыйлықтар табыс етті.

Концерт бағдарламасында домбыра күйлері орындалып, дәстүрлі және эстрадалық әндер шырқалды. Көрермендер би қойылымдарын, ұлттық киімдер шеруін және шығармашылық ұжымдардың өнерін тамашалады.

Орталыққа екі жылдан бері тұрақты қатысып жүрген зейнеткер Мәрия Ғариполлақызы мұнда мәдени іс-шараларға белсенді араласатынын айтты. Ол «Қазына» фольклорлық ансамблінің мүшесі ретінде концертте «Ақбұлақ» әнін орындады.

«Әртүрлі мәдени іс-шараларға қатысамыз. Мен «Қазына» фольклорлық ансамблінің мүшесімін. Бүгін ансамбльмен бірге «Ақбұлақ» әнін орындаймыз. Бұл орталық мен үшін өте пайдалы болды. Үйде отырып қалмай, өзімізді дамытып, Астана төрінде өнерімізді көрсетіп жүрміз. Көңіл-күйіміз көтеріліп, белсенді өмір сүріп келеміз. Барша қарияға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеймін», – деді ол.

Ал 70 жастағы Оразкүл Дайрабаева мерекелік іс-шара аясында ұлттық киімдер дефилесіне қатысты. Ол «Әлемді таңғалдырған әжелер» жобасының мүшесі ретінде ұлттық киімдерді заманауи үлгіде таныстырады.

«Біз «Әлемді таңғалдырған әжелер» жобасының мүшелеріміз. Жоба авторы, Қазақстан дизайнері Раушан Әнуарбекқызының топтамаларын халыққа таныстырамыз. Мақсатымыз – салт-дәстүр мен ұлттық киімдерді заманауи үлгіде дәріптеу. Орталыққа келгелі әдемі қартаюды үйреніп, белсенді өмір сүріп жатырмыз. Ұзақ өмір сүру үшін өмірге және айналаңдағы адамдарға махаббатпен қарау керек. Біз қазір жастарға үлгі бола аламыз деп ойлаймын», – деді Оразкүл Дайрабаева.

Мерекелік концерт қарияларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың шығармашылық қабілетін көрсетуіне және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік берді.