Елорданың спорттық туризмін дамыту: Astana Tourism мен Rakuten Sports стратегиялық серіктестік орнатты

Елорданың спорттық туризмін дамыту: Astana Tourism мен Rakuten Sports стратегиялық серіктестік орнатты

«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы мен жаһандық технологиялық Rakuten Sports тобы Қазақстан астанасында спорттық туризмді дамытуға және ірі халықаралық спорттық іс-шараларды тартуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Rakuten Sports-пен ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды дамытуға және спорт, entertainment индустриясы мен бұқаралық іс-шаралардың заманауи форматы арқылы Астананың халықаралық аренадағы танымалдығын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Rakuten Group – 1997 жылы Токиода құрылған жаһандық технологиялық топ. Компания электрондық коммерция, финтех, цифрлық контент, коммуникациялар және спорт салаларындағы түрлі сервисті дамытады. Rakuten спорттық жобалары мен серіктестіктерімен де белгілі. Олардың қатарында Vissel Kobe футбол клубын және Tohoku Rakuten Golden Eagles командасын иеленуі, сондай-ақ NBA-ның Golden State Warriors командасына демеушілік жасауы бар.

Rakuten Sports – Rakuten Group-тың спорттық бизнес бағыты. Компанияның негізгі ұстанымы – спорт тілге, мәдениетке және аймаққа қарамастан адамдарды біріктіре алады деген идеяға негізделген. Компанияның спорт саласында 130-дан астам құқық иеленушіні, оның ішінде командалар, лигалар, спортшылар мен халықаралық спорттық іс-шараларды қамтитын желіге қолжетімділігі бар. Бұл оған әлемнің түрлі нарығында серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.

Серіктестікті жүзеге асыру Астананың халықаралық спорт аренасындағы өрісін кеңейтуге, шетелдік туристер ағынын арттыруға қосымша мүмкіндіктер жасауға және елорданы оқиғалық және MICE-туризмнің перспективалы бағыты ретінде нығайтуға мүмкіндік береді.