Ұстаздық – әулет дәстүрі: Астанада бір отбасының бірнеше буыны шәкірт тәрбиелеп жүр

Ұстаздық – әулет дәстүрі: Астанада бір отбасының бірнеше буыны шәкірт тәрбиелеп жүр

Астанада ұстаздықты ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан ерекше әулет бар. №81 «Astana English School» халықаралық мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Анаргүл Бақтиярова 29 жылдық еңбек жолын білім саласына арнап, бүгінде анасы, әпкесі, сіңлісі, жиені және ұлы таңдаған ұстаздық дәстүрді жалғастырып келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Анаргүл Жұлатқызының ұстаздыққа келуіне ең алдымен отбасы ықпал еткен. Себебі бұл әулетте педагогтік еңбек бірнеше буыннан бері жалғасып келеді.

Әулеттің ұстаздық жолын бастаған анасы – Шамсинұр Бақтиярова. Ол 40 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі болып, мыңдаған баланың мектептегі алғашқы қадамына жол ашқан.

Баланың қолына алғаш қалам ұстатып, әріп танытып, білім әлеміне жетелеген анасының еңбегі қыздарына да үлкен өнеге болды.

«Анамның әрбір сабағы мейірімге, шыдамдылыққа және балаға деген шексіз сүйіспеншілікке толы еді. Сол қасиеттер бізге де дарыды», – дейді Анаргүл Жұлатқызы.

Бүгінде бұл әулеттің бірнеше мүшесі білім саласында еңбек етіп жүр. Анаргүл Жұлатқызының әпкесі Раиса Хамитова – музыка пәнінің мұғалімі. Оның педагогикалық өтілі 41 жылға жеткен. Астана қаласындағы №1 музыка мектебінде еңбек етіп, жас таланттардың шығармашылық қабілетін дамытуға үлес қосып келеді.

Сіңлісі Алмагүл Жұлатқызы да ұстаздық жолды таңдаған. Екібастұз қаласында орыс тілі пәнінен сабақ беріп жүрген педагогтің еңбек өтілі – 20 жыл.

Ұстаздық дәстүр кейінгі буынға да жалғасқан. Жиені Сейітқанова Мадина Мейрамқызы №1 музыка мектебінде музыка мұғалімі болып еңбек етеді. 12 жылдық тәжірибесі бар жас ұстаз шәкірттерін музыка өнерінің қыр-сырын меңгеруге баулып келеді.

Ал Анаргүл Бақтиярованың ұлы Мирас Беспаев та анасының кәсіби жолын жалғастырып, ұстаздықты таңдаған. Ол Астана қаласындағы №37 мектеп-лицейінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Бес жыл ішінде шәкірттерінің спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын үйретіп келеді.

Осылайша бір әулеттің үш буыны білім беру саласында еңбек етіп, ұстаздық дәстүрді жалғастырып отыр. Бірі баланың алғашқы білімін қалыптастырса, енді бірі музыка арқылы шығармашылыққа баулиды, үшіншісі шет тілін меңгертіп, төртіншісі спортқа тәрбиелейді. Мамандықтары әртүрлі болғанымен, барлығының ортақ мақсаты – балаға сапалы білім мен дұрыс тәрбие беру.

«Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын. Шәкірттерімнің жетістіктері – менің ең үлкен қуанышым. Ал олардың жүрегінде қалған із – ұстаздық өмірімнің ең басты мәні», – дейді Анаргүл Бақтиярова.
Бүгінде елорда мектептерінде осындай ұстаздар әулеттері еңбек етіп, өз тәжірибесі мен құндылықтарын кейінгі буынға жеткізіп келеді. Бұл – педагог мәртебесін биіктетіп, ұстаз еңбегінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын айқындайтын тағылымды дәстүр.