
Елордалық полицейлер №55 мектептің бірінші сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі бойынша профилактикалық іс-шара өткізді. Сабақ автодромда ұйымдастырылып, оқушыларға жол белгілері мен олардың мағынасы көрнекі түрде түсіндірілді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері мектеп оқушыларына практикалық сабақ өткізіп, жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыстың негізгі ережелері туралы айтып берді.
Балалар жолдың жүру бөлігінен қалай дұрыс өту керектігін, жолдан өтер кезде не нәрсеге назар аудару қажет екенін және жаяу жүргіншілер өткелінде ережені сақтаудың маңызын білді.
Сондай-ақ полицейлер бағдаршам сигналдары мен реттеушінің қимылдарын түсіндіріп, олардың мағынасын айтып берді. Түрлі жол жағдайларында қалай әрекет ету керектігін практикалық мысалдар арқылы көрсетті.
Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтау, мұқият әрі сақ болу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектесетінін еске салды.