Астанада IV халықаралық «ТЕАТР ALL» театр фестивалі өтеді

Астанада IV халықаралық «ТЕАТР ALL» театр фестивалі өтеді

Елордада 1-7 қазан аралығында IV халықаралық «ТЕАТР ALL» театр фестивалі өтеді. Биыл фестиваль Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, театр және кино өнерінің көрнекті актрисасы Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Бір апта бойы көрермендерге Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген театр ұжымдары, сондай-ақ Қазақстанның Маңғыстау, Ақмола, Түркістан, Атырау және Ұлытау облыстарынан келген театрлар мен елорданың жетекші театр ұжымдары өз спектакльдерін ұсынады. Бағдарламаға драмадан бастап трагедия, трагикомедия, музыкалық драма, мелодрама, хорео-драма, перформанс және заманауи балетке дейінгі түрлі жанрдағы қойылымдар енді.

Фестивальдің ашылу салтанаты 1 қазанда Музыкалық жас көрермен театрында өтеді. Кеш қатысушылардың қызыл кілеммен салтанатты өту рәсімінен басталып, одан кейін фестивальдің ресми ашылуы өтеді. Алғашқы қойылым – Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі.

Фестиваль бағдарламасында қазақ және әлем әдебиетінің белгілі шығармаларымен қатар, заманауи сахналық интерпретациялар да ұсынылған. Көрермен Уильям Шекспирдің «Макбет», Ғ. Мүсірепов пен Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» мен «Ұлпан», Б. Жандарбековтің «Томирис», Б. Брехттің «Той», «Қараш асуындағы атыс», М. Әуезовтің «Қаралы сұлу», елордалық цирктің «Метамоrphoses» қойылымын, Ә. Науаидың «Ләйлі мен Мәжнүн», Л. Толстойдың «Анна Каренина. Роман парақтары», М. Шахановтың «Танакөз», Ш. Айтматовтың «Жәмила», У. Гибсон мен Х. Келлердің «Ғажайып жасаған әйел немесе махаббат деген не?» қойылымдарын, Б. Сердалы мен Н. Мараиманың «Қатынқамал», Э. Л. Войничтің «Сона» романының желісі бойынша сахналанған «Бөгелек», Е. Аманшаевтың «Шәкәрім», С. Сәрсеннің «Абай-ЛА» қойылымын тамашалай алады.

Спектакльдерден бөлек, фестиваль аясында 7 қазанда К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Меруерт Өтекешеваның шығармашылық мұрасы: қазіргі театр өнеріндегі сабақтастық пен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Сол күні фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі өтіп, жеңімпаздар марапатталады. Бағдарлама Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған «Қазақтың Қыз Жібегі» атты шығармашылық кешімен қорытындыланады.