Астанада Қарттар күніне орай 150-ге жуық зейнеткер флешмобқа қатысты

Астанада Қарттар күніне орай 150-ге жуық зейнеткер флешмобқа қатысты

Елорданың «Жерұйық» саябағында халықаралық қарттар күні қарсаңында Алматы ауданының зейнеткерлері ерекше флешмоб өткізді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Спорттық акцияға 150-ге жуық адам қатысты.
«Іс-шараны Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, аудан әкімдігі, Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы Астана әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Флешмоб аясында би жаттығуы өткізіліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар денсаулық бұрышы ашылып, онда қалаған адамдар қан қысымын өлшетіп, №6 емхананың дәрігер-мамандарынан кеңес ала алды. Соңында қатысушыларға дастархан жайылып, палау мен шай ұсынылды», – деді Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин.
Флешмобтың ең ерекше сәті би жаттығуы болды.

«Біздің басты мақсатымыз – жасы үлкен адамдарды салауатты өмір салтына баулу. Ал өмір дегеніміз – қозғалыс. Мен қарт адамдарға 14 жылдан бері жаттығу өткізіп келемін. Сабақтан кейін олардың қалай өзгеріп, жайнап шыға келетінін көріп жүрмін. Қан қысымы мен қандағы қант деңгейі қалыпқа түседі, аяқтары мен буындары ауырмайды, көңіл күйлері әрдайым көтеріңкі болады. Тіпті спорттық жаттығулардан кейін дәрігерге баруды қойып, өздерін жасарып қалғандай сезінетіндерін айтады», – деді зейнеткерлерге арналған топтық бағдарламалар жаттықтырушысы Галина Карпова.