
Астанада халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындар мен қала қонақтарына мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алу тәртібі түсіндірілген «Қызмет алушылар күні» өтті. Әлеуметтік акция барысында азаматтар еңбек, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау салаларына қатысты сұрақтарын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандарына қойып, нақты кеңес алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті ұйымдастырды.
Әлеуметтік акцияға еңбек және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары азаматтардың жеке сұрақтарына жауап берді.
«Бүгін біз Қызмет алушылар күнін өткізіп жатырмыз. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылаушы орган ретінде біздің басты мақсатымыз – азаматтардың пікірін тікелей тыңдау, жүйелі мәселелерді анықтау және мемлекеттік қызметтерді алу процесін барынша қарапайым әрі ашық ету. Біз мемлекеттің диалогқа ашық екенін және халықтың мәселелерін жедел шешуге дайын екенін көрсеткіміз келеді», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ләззат Саду.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы Айгүл Еспанованың айтуынша, іс-шара барысында қала тұрғындары негізінен әлеуметтік төлемдер мен әлеуметтік қолдау шараларына қатысты мәселелер бойынша жүгінген.