
Халықаралық қарттар күні қарсаңында елорданың Сарыарқа ауданында «Қарттар – қазына, елдің абыройы» атты мерекелік флешмоб өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны аудан әкімдігінің қолдауымен Сарыарқа ауданының Ардагерлер кеңесі мен аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырды.
Мерекелік іс-шараға зейнеткерлер мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызмет алушылары қатысты. Бағдарлама аясында флешмоб, концерттік және би қойылымдары, әндер мен ұлттық киімдер көрсетілімі ұйымдастырылды.
Егде жастағы тұрғындар мерекелік құттықтауларды қабылдап қана қоймай, өздері де сахнаға шығып, өнерлерін көрсетіп, пікірлес жандармен бірге уақыт өткізуге мүмкіндік алды.
Мереке «Зейнеткерлер – салауатты өмір салтын қолдайды» атты флешмобпен басталды. Оны өткізуге Астана қаласы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері қатысты.
Негізгі бағдарлама басталар алдында қатысушыларды Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов құттықтады. Одан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды.
Концерттік бағдарламаны «Сарыарқа» би ұжымының қатысушылары «Рух» биімен ашты. Одан кейін сахнаға «Әгугай» этно-фольклорлық ансамблі шығып, «Әгугай» әнін және қазақ әндерінен құралған попурриді орындады. Өнер көрсету барысында ансамбль қатысушылары қонақтар мен көрермендерге шашу шашып, ұлттық дәстүрді дәріптеді.
Бағдарлама «Элегант-дэнс» би тобының орындауындағы «Вена вальсімен» және Әбу Алмасбектің «Қарттарым аман-сау жүрші» термесімен жалғасты.
Концерттің жеке бір бөлімі қазан айының басында атап өтілетін Ұстаздар күніне арналды. «Замандастар» вокалдық тобы «Ұстазым» әнін орындады. Бұл нөмір шағын сахналық қойылым түрінде ұсынылды.
Қатысушылардың бірі ұстаздың бейнесін сомдаса, қалғандары оқушылардың рөлін орындады.
Мерекелік іс-шарада ұлттық киімдер көрсетілімі де ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар қазақтың ұлттық киімі мәдени мұраның ажырамас бөлігі екенін және бүгінде заманауи дизайнерлік шешімдердің арқасында жаңаша сипат алып келе жатқанын атап өтті.
«Зере коллекциясы» атты ұлттық киімдер топтамасын қазақтың ұлттық киімдерін насихаттаумен айналысатын «Кербез models» ересектер модельдік тобы ұсынды. Аталған топ бұған дейін Қазақстанда және шетелде өткен мәдени және сән іс-шараларына қатысқан.
Музыкалық бағдарлама «Богатицы» казак әндері ансамблінің өнер көрсетуімен жалғасты. Ұжым «Мамин старенький дом» композициясын және украин халқының «Ой на горе два дубкы» әнін орындады.
Одан кейін көрермендер «Шұғыла» би тобының орындауындағы «Сыр сұлуы» биін тамашалады. Ал Рауза Набиуллина «Годы, как вас задержать» әнін шырқады.
Мерекелік концерт «Әдемі дәуір» және «Шабыт» би топтары мен «Сарыарқа» вокалдық тобының өнер көрсетуімен аяқталды.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan