Әскери дайындық пен командалық қабілет: Астанада 150 жас сарбаз бақ сынады

Әскери дайындық пен командалық қабілет: Астанада 150 жас сарбаз бақ сынады

Астанада XIII Халықаралық «Айбын-2027» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысатын елорданың үздік командасын анықтау үшін қалалық іріктеу басталды. «Батырлар» әскери-патриоттық орталығында өткен сайысқа 150 жас сарбаз қатысып, әскери-спорттық жаттығуларда физикалық дайындығы мен командалық қабілетін сынады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Әлібек Әбдығалиұлы жастарға Отанға қызмет етудің маңызы туралы айтып, қазіргі жас сарбаз білімді, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары әрі заманауи технологияларды меңгерген азамат болуы керектігін атап өтті.

«Бүгінгі таңда «Жас Сарбаз» қозғалысы өскелең ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелейтін маңызды жобалардың бірі. Себебі Отанды қорғау тек әскери қызметшінің ғана міндеті емес, бұл – әрбір азаматтың борышы. Ол өз еліне деген жауапкершілігін сезінуден басталады. Отанға қызмет ету бейбіт уақытта сапалы білім алу, өз ісіне адал болу, заң мен тәртіпке құрмет ету және өз елінің дамуына өз үлесін қосу болып табылады.

Сондықтан сіздерге қойылатын талап та зор», – деді Әлібек Әбдығалиұлы.
Іс-шара барысында жас сарбаздар түрлі әскери-спорттық жаттығулар орындап, өздерінің физикалық дайындығы мен командалық қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар патриоттық әндер орындалып, концерттік бағдарлама ұсынылды.