Елордалық балабақшада «Таза аула – таза орта» атты ерекше экологиялық іс-шара өтті

Елордалық балабақшада «Таза аула – таза орта» атты ерекше экологиялық іс-шара өтті

Астанадағы №66 «Толағай» балабақшада «Таза аула – таза орта» атты қалалық экологиялық іс-шара өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның бастамашысы – Балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы. Оның мақсаты – балалар мен ата-аналардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу, сондай-ақ тұрмыстық қоқыстарды қайта пайдалануды насихаттау.

Акция аясында қатысушылар үшін бірнеше тақырыптық алаң ұйымдастырылды. Ата-аналар мен балабақша қызметкерлері аумақты тазалап, гүлзарлар мен жасыл желекті ретке келтірді.

Қайта өңдеуге жарамды материалдарды шығармашылық мақсатта пайдалануға ерекше көңіл бөлінді. Шеберлік сағатында қатысушыларға пластик бөтелкелерден, картоннан, қағаздан және қақпақтардан пайдалы әрі сәндік бұйымдар жасау жолдары көрсетілді.

«Бүгінгі «Таза аула – таза орта» акциясы – аумақты тазарту ғана емес, өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Балалар кішкентай кезінен табиғатты аялауды, қалдықтарды қайта жарамды етуді және ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуді үйренсе, бұл «Таза Қазақстан» идеясын нақты іске асырудың көрінісі болмақ», – деді Балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Айнұр Әмірханова.

Сондай-ақ тәрбиеленушілер үшін ұлттық зияткерлік «Мангала» ойыны, табиғат пен тазалық туралы өлеңдер шеруі ұйымдастырылды. Балалар қайта өңделген материалдардан жасалған музыкалық аспаптармен «Көңілді барабандар» музыкалық композициясын орындады.
Алаңдардың бірінде «Eco Fashion – қалдықтарға екінші өмір» атты көрсетілім өтті. Онда балалар мен ата-аналар қайта пайдаланылған материалдардан жасалған киімдерін таныстырды. Сонымен қатар балабақшада қайта өңдеуге жарамды материалдардан жасалған шығармашылық жұмыстардың көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шараға қатысушы Айсәуле Оңдағанова жоба аясында кәдімгі пластик бөтелкелерден пуфик жасағандарын айтты.
«Оны жасау үшін картон мен бөтелкелердің түбін пайдаландық. Мені дайын материалдардан бұйым жасау ғана емес, осы көйлектерді тіккен адамдардың еңбегі де таңғалдырды. Қатты таңғалдым, шынымен керемет екен», – деді ол.

Оның айтуынша, іс-шараны дайындау мен өткізуге балалар, ата-аналар және тәрбиешілер жұмыла қатысты.
Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, мұндай іс-шаралар балаларға табиғатқа құрметпен қараудың маңызын іс жүзінде түсінуге көмектесіп, күнделікті тұрмыста қолданылатын қалдықтардың өзіне жаңа қолданыс табуға болатынын көрсетеді.

#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan