Астана әкімі қала мүлкіне ұқыппен қарауға шақырды

Астана әкімі қала мүлкіне ұқыппен қарауға шақырды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында вандализм жағдайларына байланысты үндеу жасады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Күн сайын тұрғындармен бірге қаламызды жайлы, таза әрі көрікті ету жолында еңбек етіп келеміз. Алайда, өкініштісі, вандализм фактілері мен қоғамдық кеңістіктерге немқұрайлы қарайтын жағдайлар да кездеседі. Кейбір азаматтар аялдама павильондарын, қоқыс жәшіктерін, орындықтарды, мүсіндерді, абаттандыру элементтерін және т.б. нысандарды бүлдіріп кетеді. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Мемлекет басшысы барша қоғам болып құқықтық нигилизмге қарсы тұруымыз керектігін атап өтті. «Заң мен тәртіпті құрметтеу – жазадан қорқу емес, ең алдымен, жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән ерекше қасиет», – деді Президент.

Мынаны ескерген жөн: қоғамдық мүлікке деген көзқарас адамның жеке мәдениеті мен тәрбиесінің көрсеткіші. Қалада жасалып, абаттандырылып жатқан істің бәрі, ең алдымен, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынады. Қаладағы инфрақұрылымды бүлдіру арқылы құқық бұзушылар қалаға ғана зиян келтіріп қоймай, елорда тұрғындары мен қонақтарына да қолайсыздық туғызады.

Олардың арасында осы көшелермен күн сайын жүретін туған-туыстары мен жақындары да бар.
Бөтеннің және коммуналдық мүлікті бүлдіргені немесе жойғаны үшін 143 адам жауапқа тартылды. Сондай-ақ қоғамдық орындарды ластау бойынша 928 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Бұдан бөлек, құқық бұзушылар есірткі заттарын жарнамалау үшін салған граффитилерді жою бойынша да белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Полициямен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Полиция қызметкерлері күн сайын көшелерді патрульдеп, құқық бұзушыларды анықтайды. Қаладағы бейнебақылау камераларының санын жыл сайын арттырып келеміз. Ең бастысы, әрбір құқық бұзушылықтың заңға сәйкес жауапсыз қалмайтынын түсінген жөн. Қоғамда заң бұзушылыққа нөлдік төзімділік орнығып, оған жол бермеу мәдениеті қалыптасуы тиіс.

Заңға сәйкес қоғамдық тәртіпке қайшы әрекет жасағандарға қатаң шаралар қолданылып, қажет болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Ал кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасағаны үшін олардың ата-аналары заң аясында жауап береді.

Елорда тұрғындары мен қонақтарын ортақ қаламызға ұқыптылық танытып, оның тазалығы мен көркеюіне жауапкершілікпен қарауға шақырамын», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.