Астанада өткен жәрмеңкеде үш өңір ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды

Астанада өткен жәрмеңкеде үш өңір ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды

Астанада өткен демалыс күндері Маңғыстау, Алматы және Абай облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысқан күзгі жәрмеңке өтіп, елорда тұрғындарына 400 тоннадан астам өнім ұсынылды. Жәрмеңкеде көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, бал, балық, ұлттық тағамдар мен өңірлерге тән басқа да азық-түлік түрлері тікелей өндірушілерден қолжетімді бағамен сатылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкеге келушілер өнімдердің сапасын, тауар түрлерінің көптігін және қолжетімді бағаларды атап өтті.

Келушілердің бірі қысқа арналған азық-түлік қорын дайындау үшін жәрмеңкеге отбасымен арнайы келгенін айтты.

«Меніңше, жәрмеңке – ең алдымен ауқымды іс-шара. Мұнда бағалар тиімді. Адам көп келеді, сауда қызу жүріп жатыр. Жолдасым екеуміз Қосшы қаласынан арнайы келдік. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, осы айда қысқа салат дайындау үшін көкөніс сатып алдым. Сондай-ақ сүт және ет өнімдерін де көп мөлшерде алдым», – деді жәрмеңкеге келуші.

Бұл жолы үш өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері елордаға 400 тоннадан астам өнім әкелді.

Оның ішінде 170 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 100 тонна ет және ет өнімдері, 40 тонна бал, 25 тонна сүт өнімдері, 17 тонна бақша өнімі, 10 тонна балық және 40 тоннадан астам басқа да азық-түлік бар.

Жәрмеңкеде әр өңірдің өзіне тән өнімдері де ұсынылды. Маңғыстау облысының шаруалары шұбат, балық және бал өнімдерін әкелсе, Абай облысынан ет, бал, қымыз, сүт және ұлттық тағамдар жеткізілді. Алматы облысының тауар өндірушілері көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін ұсынды.

Абай облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірден елордаға 200 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Оның ішінде 50 тоннаға жуық ет, 70 тонна бал, 30 тонна көкөніс, 30 тонна қарбыз, сондай-ақ сүт және шұжық өнімдері, қымыз, ұлттық тағамдар мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері бар.

Өнімдердің барлығы жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен тікелей жеткізілді. Бұл делдалдар санын азайтып, өнімдерді тұтынушыларға қолжетімді бағамен ұсынуға мүмкіндік береді.

Жәрмеңкеге келген елордалықтар үшін әр өңірдің өзіне тән өнімдерін бір алаңнан сатып алу мүмкіндігі де маңызды артықшылық болды.

Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында өтті. Тұрғындар мен елорда қонақтарына қолайлы болу үшін аталған орынға №18, 37 және 303 автобус бағыттары қатынады.