«Кітап оқитын ұлт»: елорда мектебінде педагогтерге арналған әдеби зертхана ұйымдастырылды

«Кітап оқитын ұлт»: елорда мектебінде педагогтерге арналған әдеби зертхана ұйымдастырылды

«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында елорданың №110 мектебінде педагогтерге арналған «КІТАП.LAB: бір кітаптан – бір идеяға» атты зияткерлік әдеби зертхана ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Әдеби зертхана аясында қатысушылар кітап оқып, өз тәжірибесіне талдау жасады және оны күнделікті жұмыста қолдануға болатын жаңа шешімдерді бірге іздеді.

Іс-шараға Астана қаласы бойынша «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жақсыбай Боранбаев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының PhD докторы Нұрлыхан Аитова, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының хатшысы, ақын Лаура Палман қатысты.

Жақсыбай Боранбаев құттықтау сөзінде заманауи мұғалім тек білім беретін маман емес, сонымен қатар кітап оқитын, ойланатын, талдайтын және алған идеяларын кәсіби тәжірибесінде қолдана алатын тұлға екенін атап өтті. Ол зертхананың негізгі идеясын «Кітаптан – ойға.

Ойдан – әрекетке» деген сөзбен түйіндеді. Оның пікірінше, оқылған кітап сөреде қалып қойса, ол жай ғана кітап болып қала береді.

Ал оқылған ой нақты әрекетке айналған кезде өзгерістердің бастауына айналады.
Сондай-ақ Жақсыбай Боранбаев педагогтердің назарын «бесінші кітапқа» – олардың өздерінің кәсіби тәжірибесіне аударды. Мұнда әр сабақ – бір бет, әр оқушы – бір оқиғаның бөлігі, ал әрбір педагогикалық шешім – жаңа тарау ретінде қарастырылады.

Педагогтердің назарына төрт шығарма ұсынылды: Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» повесі, Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегі, Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасы және Эндрю Поллардтың «Рефлексивті оқыту негіздері» кітабы.

Қатысушылар кітаптардың мазмұнын қайта айтып бермей, олардың негізгі идеяларын талдап, авторлар көтерген мәселелерді талқылады және оларды қазіргі мектеп тәжірибесімен байланыстыру жолдарын іздеді.

Арнайы шақырылған сарапшылар кітаптың оқырман мәдениетін қалыптастырудағы, педагог тұлғасын дамытудағы және заманауи білім беру ортасын қалыптастырудағы рөліне кәсіби әрі шығармашылық тұрғыдан тоқталды.

«45 секундтық шындық», «Келісемін / келіспеймін», «Кітапты мектепке әкелу» және IDEA PITCH секілді интерактивті форматтар іс-шараның мазмұнын жандандыра түсті.

Педагогтер әдеби шығармалардағы идеяларды мектеп ортасына арналған нақты ұсыныстарға айналдырды. Оның ішінде оқушылармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерінен бастап, мұғалімнің кәсіби тәжірибесіне қатысты ұсыныстар да болды.