«Белсенді өмір салты»: Астанада қариялар ерекше флешмоб ұйымдастырды

«Белсенді өмір салты»: Астанада қариялар ерекше флешмоб ұйымдастырды

Астанада Қарттар күніне орай 70-ке жуық қария қатысқан ерекше флешмоб өтті. «Нұрлы жол» вокзалының алаңына жиналған аға буын өкілдері әуен ырғағымен таңғы жаттығуларды бірге орындады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараны Сарайшык ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.

«Таңғы жаттығу Сарайшық ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Бұл қарттар мерекесіне орай өткендіктен, дене жаттығуларын жасадық. Белсенді түрде қатысып отырмыз. Жыл сайын осындай шарадан қалмауға тырысамыз», – деді астаналық Мұрат Манханов.

Қатысушылар дене шынықтыру жаттығуларын бірлесіп орындап, іс-шараның көркін қыздырды.
«Қарттар күніне орай Астана қаласының Сарайшық ауданы әкімшілігі жыл сайын осындай шара өткізеді. Биыл да осы іс-шара жалғасын тауып отыр. Бүгінгі таңда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына Сарайшық ауданы бойынша мыңнан аса қарттар тіркелген», – дейді Сарайшық ауданы бойынша белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бөлім басшысы Ақсұлу Шайдоллақызы.