Астанада мемлекеттік құрылыс бақылауын жетілдіру шаралары талқыланды

Астанада мемлекеттік құрылыс бақылауын жетілдіру шаралары талқыланды

Астанада құрылыс заңнамасын қолдану және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жетілдіруге қатысты өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетімен, Қазақстанның барлық өңіріндегі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының (МСҚБ) аумақтық бөлімшелерімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс кеңесін өткізді.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіндегі баптардың талаптарын қолдану, заңсыз салынған нысандарға қатысты шаралар қабылдау тәртібі, сондай-ақ мемлекеттік бақылау аясында жедел ден қою шараларын орындамағаны үшін жауапкершілік мәселелерін қарастырды.

Сонымен қатар құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдау актілерін жүргізу және есепке алу, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарды міндетті түрде техникалық тексеру мәселелері талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар құқық қолдану тәжірибесіне қатысты пікір алмасып, түйткілді мәселелер мен оларды одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды ортаға салды.

Жауапты мемлекеттік органдарға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының тиімділігін арттыруға, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге және Қазақстан аумағында құрылыс сапасын жақсартуға бағытталған алдағы жұмыстың тиісті бағыттары айқындалды.