
Астана халықаралық әуежайында XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері, елордалық спортшы Эвелина Костенконы салтанатты түрде қарсы алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Эвелина Костенко 2026 жылғы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасының сапында байдарка мен каноэде ескек есуден қола медаль жеңіп алды.
Елордалық спортшы 500 метр қашықтықтағы төрттік байдарка экипажы құрамында өнер көрсетті.
Қазақстандық экипаж 1:37,005 нәтиже көрсетіп, жарысты үшінші орында аяқтады.
Эвелина Костенко үшін бұл Азия ойындары спорттық карьерасындағы алғашқы Азиада болды.
«Бұл менің алғашқы Азиадам, сондықтан бұл медаль мен үшін ерекше қымбат. Әрине, жарыс алдында толқыныс болды. Бірақ біз қаншама еңбек етіп, дайындыққа көп күш жұмсағанымызды және не үшін жарысқа шығатынымызды түсіндік.
Алғашқы Азия ойындарымда жүлдеге ілігіп, Қазақстанға медаль әкелгеніме өте қуаныштымын.
Жаттықтырушыларымызға, туған-туыстарыма және бізді қолдаған барша жанға ерекше алғыс айтамын.
Астанада үйде осылай қарсы алғандары ерекше әсер сыйлады. Бұл ары қарай жаттығып, бұдан да жоғары нәтижелерге ұмтылуға үлкен мотивация береді», – деді Эвелина Костенко.
Әуежайда оны спорт қауымдастығының өкілдері, туған-туыстары, жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды.