
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында «JOLTAP» жобасының маңызы туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Үш жыл бұрын біз азаматтарға жаңа мамандықтарды тегін меңгеруге, өз кәсібін ашуға, жұмыс табуға және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алуға мүмкіндік жасайтын JOLTAP жобасын қолға алдық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатқан бұл бастама осы уақыт ішінде білікті мамандар даярлауда өзінің жоғары тиімділігін көрсетті.
Жоба ашылғаннан бері 22 мың адам оқуын аяқтады. Бүгінде түлектердің 60%-ы жұмысқа орналасқан, 17%-ы фриланс форматында жұмыс істеп жүр, ал 2 мыңға жуық адам өзінің шағын кәсібін ашты.
JOLTAP жобасы аясында 30 авторлық бағдарлама әзірленді: 19-ы жұмысшы мамандықтарға (тігінші, наубайшы, электргазбен дәнекерлеуші, аяқ киім жөндеуші, жиһаз құрастырушы және т.б.), 11-і цифрлық бағыттарға (SMM, таргет, графикалық дизайн, мобилография, базалық цифрлық дағдылар және т.б.) арналған. Цифрлық курстардың маңызды ерекшелігі – ЖИ құралдарының енгізілуі.
Курстарда оқу толықтай тегін. Оқуға қатысу үшін «Баршаға мүмкіндік» мобильді пунктері, сондай-ақ аудан әкімдіктері мен елорданың Жұмыспен қамту басқармасының мансап орталықтары арқылы жазылуға болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоба еліміздің барлық өңіріне тарайтын болады», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.