Астанада еңбек адамдарының күнделікті еңбегі фотосуреттер арқылы көрсетілді

Астанада еңбек адамдарының күнделікті еңбегі фотосуреттер арқылы көрсетілді

Астанада «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Адал еңбек» жобасы аясында «Еңбек келбеті» фотокөрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға Астана қаласының тұрғындары, еңбек адамдары, БАҚ өкілдері, контент авторлары және жобаға қызығушылық танытқан қонақтар қатысты.

Фотокөрмеде қаланың дамуына өз еңбегімен үлес қосып жүрген еңбек адамдарының күнделікті қызметі мен кәсіби жетістіктерін бейнелейтін фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды.

«Біз Еңбек күні аясында Астана қаласының дамып, көркеюіне атсалысып жүрген 30 маманды анықтап алып, фотосессия жасадық.

Олардың арасында жас болғанмен, ұзақ жылдар еңбек етіп, бір саланың майталманы боп жүргендер бар. Бүгін елордалықтар олар туралы фотокөрме арқылы танысты. Сурет қана емес, олар туралы түсірілім де жасаған болатынбыз. Бұл «Адал еңбек» деп аталатын әлеуметтік парақшаларымызда жарияланды. Онда мамандар өзі туралы, еңбек өтілі, жетістіктері туралы баяндайды», - дейді «Болашақ Қазақстанға» қоғамдық студенттік бірлестігінің жоба жетекшісі Бибінұр Байжігітқызы.

Іс-шара барысында «Адал еңбек» жобасы аясында өткен қалалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де ұйымдастырылды. Байқауға БАҚ өкілдері, блогерлер, инфлюенсерлер, цифрлық контент авторлары, тәуелсіз авторлар мен мобилографтар қатысып, еңбек адамының бейнесін заманауи медиа форматтар арқылы көпшілікке ұсынды.

Іс-шара екі апта бойы қаладағы басқа да сауда орталықтарында жалғаспақ.

Айта кетейік, іс-шараның мақсаты адал еңбекті насихаттау, еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін дәріптеу және олардың кәсіби жетістіктерін кеңінен таныту болатын.