Астанада Журналистер аллеясындағы мүсінді бүлдірген жастар ұсталды

Астанада Журналистер аллеясындағы мүсінді бүлдірген жастар ұсталды

26 қыркүйек күні таңертең Астанадағы Журналистер аллеясында вандализм дерегі тіркелді. Тәртіп сақшылары екі жас жігітті анықтап, ұстады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Екі жас жігіт мүсіндік композицияны, сондай-ақ оған іргелес аумақтағы жеті қоқыс жәшігін бүлдірген.

Полиция елорданың екі тұрғынын — 18 жастағы Денис Суранов пен кәмелетке толмаған Шыңғыс Айтжановты анықтап, ұстады. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Вандализм дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасы оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция өкілдері мұндай әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылатынын атап өтті. Осындай бірде-бір дерек құқықтық бағалаусыз қалмайды, ал кінәлілер заңға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады.