
Еңбек күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысып, халықты жұмыспен қамту, кадр даярлау және жасанды интеллект элементтері бар өндірістік қауіпсіздік салаларындағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен және заманауи шешімдермен танысты. Еңбек күні елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен 2013 жылдан бері аталып өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана әкімдігі Joltap бағдарламасының нәтижелерін таныстырды. Бағдарлама аясында 22,2 мың адамға жұмысшы және цифрлық дағдылар бойынша білім беріліп, оларды кейіннен бизнес бастауға немесе фриланспен айналысуға дайындау көзделген. Олардың 60%-ы жұмысқа орналасса, 2 мыңға жуық адам өз шағын кәсібін ашқан.
ТжКБ-ның «Цифрлық дуальды оқыту платформасы» жобасы студенттер, оқытушылар мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Мәселен, Астана қаласының Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінде мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі 93%-ға жеткен.
Өндірістік қауіпсіздік саласында цифрлық шешімдер кешені, электрондық наряд-рұқсаттар, жүргізушілердің жағдайын бақылау жүйелері, сондай-ақ нысандар құрылысы кезінде жарақат алудың алдын алуға арналған бейнеаналитикасы бар «Ақылды каскалар» түріндегі жасанды интеллект шешімдері таныстырылды.
Бүгінде Қазақстанда 9,4 млн адам еңбек қызметімен қамтылған. Жыл басынан бері 475 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды, ал Электрондық еңбек биржасында 800 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Үкімет өндірістің нақты қажеттіліктері мен еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, кадр даярлау бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Кәсіптік оқыту мен мамандар даярлауды технологиялық және экономикалық өзгерістерді ескере отырып, алдын ала дамытуға бағытталған жаңа Жұмыспен қамту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Цифрлық құзыреттерді дамытуға да ерекше мән берілуде. Жыл соңына дейін 600 жұмысшы мамандықты кәсіптік стандарттармен қамту жоспарланған. ТжКБ жүйесінде жұмыс берушілермен бірлесіп мамандар даярлау күшейтіліп жатыр. Дуальды оқытуға 552 колледждің 138 мың студенті және шамамен 11 мың кәсіпорын қатысады.
Сонымен қатар 43 мың студент жұмыс берушілердің нысаналы тапсырысы бойынша білім алып жатыр.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Еңбек адамына ерекше мән беретінін атап өтті. Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «біздің ортақ міндетіміз – әр азамат өз өмірінен өз орнын тауып, адал еңбегімен отбасын қамтамасыз етіп, Отанына пайдасын тигізе алатындай жағдай жасау» екенін айтқан болатын.
«Адал азамат» тұжырымдамасына сәйкес еңбекқорлық, жауапкершілік және білімге ұмтылыс ең маңызды қасиеттер ретінде айқындалған.